Парламент Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден мемлекет және қоғам қайраткері Анар Жайылғанованы қайғыра еске алып, әлеуметтік желіде жазба арнады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің экс-төрағасы Анар Жайылғанова 55 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтті. Қарақат Әбден қызмет барысында марқұммен жақын араласып, достасып үлгергенін айтады.
"Соңғы үш күннің маған әсері бөлек болды. Анар Нұрәліқызы менің құрбым, жақын тұтқан жан еді. Достыққа адал, уәдеге берік, адамгершіліктен аттап баспайтын керемет тұлға болатын. Оның саяси қайраткерлігі, мемлекеттік қызметкер ретінде кәсібилігі, маман ретінде шебер іскерлігі бір төбе, адамдығы бір төбе еді. Менің айтпағым басқа, оның жаны - нәзік, эмоциясы шынайы, бәрін жүрекпен қабылдайтын кіршіксіз көңілі терең еді. Оқиғаны, құбылысты, адамдарды ерекше жақын тұтып, жадыға сақтайтын. Сондай-ақ оның іске берілген мұқияттылығы, патриоттық сезімі бөлек әңгіме. Қызметке адалдық, жанқиярлық жауапкершілік десе, үлгі етіп Анар Нұрәліқызын айтуға болар еді?! Амал нешік, өткен шақта ғана еске аламыз. Қыршыннан қиылған жас ғұмыр. Небәрі 55 жас. Әйелге тән әдемілік, нәзіктік осы асыл құрбыма тән болатын. Өкінішті. Артта аңырап балалар қалды, қанша атқарылмаған істер қалды, орындалмаған арман-мақсат қаншама?"- деп жазды Қарақат Әбден.
Осыдан кейін депутат оқырмандарға өмірдің қас-қағым сәтте өтіп кететінін тағы бір еске салды. Ертең күн туа ма, тумай ма белгісіз?! Сондықтан бақытты шақтарды қазір сезініп, бүгінгі күннің ғажайыбын дәл қазір сезіну керек, деп кеңес берді.
"Қызмет те, мансап та бәрі өткінші. Сондықтан бұл жалғандағы қысқа ғұмырды мейлінше өзімізге, отбасымызға құнды қылып өткізсек?! Жағымсыз жайттарды жүрекке жазбай, уақыт еншісіне қалдыру керек!
Жүректегі жан сырым осылай сыр шертті. Анар құрбымның асыл бейнесі есімізде сақталады. Оның жұмсақ үні пен келісті келбеті жадымызда қаттаулы. Бақұл бол, аяулы дос, мықты әріптес Анар Нұрәліқызы!" - деп аяқтады жазбасын Қарақат Әбден.