06 мау, 2019 сағат 12:28

Ішкі туризмді дамыту және Қазақстанда демалуға болатын орындардың топ-10 — Kazakh Tourism

Ішкі және келу туризмін дамыту – мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыттарының бірі. Қазақстанда жергілікті туристік ортаның имиджін қалыптастыру және тартымдылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаев айтып берді.

— Өркен Серікқалиұлы, туристік сала қаншалықты қарқынды дамып жатыр, қазіргі таңда атқарылған жұмыстардың нәтижелері қандай?

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризмнің даму көрсеткіштері оң болып отыр. 2018 жылы бізге келген шетелдіктер саны 8,79 млн адамды құрады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,1% өсімді көрсетеді, ал 2015-2016 жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда, өсімі сәйкесінше 36,7% және 35%. 2018 жылы туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 104 млрд теңгені құрады. (Еск. – статистикада келушілердің жалпы саны ескеріледі, оның ішінде іскерлік мақсаттағы (іссапарлық), достары мен туыстарына келу мақсатындағы (VFR) және демалу мақсатындағы (leisure) келушілер ескеріледі).

Барлық елдердің арасынан БАӘ, Үндістан және Малайзия елдерін атап өтуге болады, Қазақстанға өткен жылы аталған елдерден келушілер 50%, 49% және 44%-ға артты. Сонымен қатар Гонконг (22%), Польша (16%) және Оңтүстік Кореядан (15%) келетін туристер саны арта түсуде. Қазақстанның туристерді тарту бойынша негізгі шетелдік нарығы - Ресейден келушілердің тұрақты өсімі байқалады.

2018 жылы ресейлік бағыт бойынша Түмен, Краснодар, Томск, Челябинск, Сочи (Нұр-Сұлтанға), Қазан (Нұр-Сұлтанға), Красноярск (Алматыға), Мәскеу (Қызылордаға), Новосибирск (Павлодарға) жаңа жиі рейстері ашылғанын, сондай-ақ Екатеринбургтен, Омбыдан, Санкт-Петербургтан қосымша рейстер ашылғанын айта кеткен жөн.

2018 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары келесі бағыттар бойынша жаңа әуе қатынастарын ашты: Атырау-Франкфурт, Нұр-Сұлтан-Вильнюс, Нұр-Сұлтан-Душанбе, Алматы-Рига, Нұр-Сұлтан-Хельсинки.

Тікелей әуе қатынастарының болуы шетел азаматтарының Қазақстанда келуінде маңызды рөл атқарады, сондықтан жаңа рейстерді ескерумен біз аталған нарықтардан туристер ағымының одан әрі артуына үміт артамыз. Мысалы, Польша (Нұр-Сұлтан - Варшава, LOT), БАӘ (Дубай - Алматы, Дубай – Ақтау, Fly Dubai) және Үндістан (Нұр-Сұлтан - Дели, Эйр Астана) тәрізді елдерден тікелей рейстердің ашылуы аталған нарықтардан келушілердің ұлғаюына едәуір ықпалын тигізді.

Шетелдік туристерді тарту үшін 2018 жылы Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары арқылы өтетін ҚХР және Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізілді.

— Шетелдіктер үшін тартымды туристік ахуал тудыру үшін қандай шаралар қабылданып қойды?

— Туризмді ұлттық та, шетелдік те туристі тартуға қабілетті толыққанды бәсекеге қабілетті салаға экономикалық тұрғыдан айналдыру мақсатында заңнамаларға өзгерістер енгізу процесі басталды. Заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізіліп, биыл қабылданады.

Бұдан өзге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында ішкі туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түркістан, Отырар, Күлтөбе, Сауран қалашықтарын реконструкциялау, Таңбалы, Ұлытау музей-қорықтарын дамыту, Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай» қорығын, ал Нұр-Сұлтанда «Бозоқ» қорығын құру біздің азаматтарымыздың саяхаттауын ұлғайту үшін жағдайлар тудырады.

Негізгі шаралар мен іс-шаралар пакеті 2019-2025 жылдарға арналған ҚР туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қамтылған. Оның ішінде инфрақұрылым мен сервиске база назар аударумен басымдықты туристік аумақтарды дәлм-дәл дамыту, осы аумақтарға қатысушыларға салық жеңілдіктерін ұсыну, ұлттық парктерде туризмді дамыту, ішкі рейстерді қосымша субсидиялау, сонымен қатар каникул кезінде балалардың тегін ұшуы және басқа да шаралар бар.

Бұл ретте туризм саласы экономиканың басқа салаларымен өте тығыз байланысты екенін ескеру қажет. Туристік әлеуетті пайдалану бизнестің дамуына серпін береді - туристік сала жеке инвестициялар үшін тартымды салаға айналады.

— Жаз мезгілі, демалыстар уақыты басталып жатыр. Қазақстандықтар ел ішінде қай өңірге демалуға бара алады? Қазақстандықтар негізінен қайда демалғанды жөн көреді?

— Ресми статистика бойынша өткен жылы елімізде 4,7 млн ішкі турист белгіленген, бұл алдыңғы жылғыдан 7%-ға жоғары. Оның өзінде бұл қонақ үйлерге тоқтаған қонақтар туралы деректер, олардың басым бөлігі — іскерлік мақсатпен келушілер (іссапарға шығушылар). Ішкі туристердің үлкен сегменті — VFR сегменті деп аталады (достар мен туысқандарға бару – visiting friends and relatives), олар жалдамалы баспаналарды таңдайды немесе туысқандарының үйінде тұрақтайды.

Қазақстандықтар сауықтыру және жағажай туризмін таңдайды. Жаз уақытында көпшілік Алакөл, Балқаш көлдерінің, Каспий теңізінің жағалауларына, Бурабай курорттық аймағына барады. Статистика бойынша, өткен жылы еліміздің курорттық аймақтарында 1 млн-нан астам қазақстандық тұрақтаған.

Сонымен қатар тағы бір белсенді сегмент — тарихи-мәдени және діни туризм, әсіресе, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары. Қазақстандықтар әулие нысандарды, ұлы тұлғалар өмір сүрген жерлерді, киелі орындарды, кесенелер, ғибадатханалар мен басқа да мәдени, тарихи мұра ескерткіштерін, сондай-ақ киелі таулар, үңгірлер, көне қалалар мен басқа да нысандарды аралайды. 

Саяхаттау мен спортсүйер туристер саны белсенді түрде артып келеді. Түрлі веложарыстар, марафондар және басқа да спорттық шаралар Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған қатысушыны тарта бастады. Жақсы дамып келе жатқан жаяу сапарлар, альпиниадалар және т.б. атап өтуге болады.

Бұған қоса, халық арасында демалыс күндері саяхаттау да жақсы танылып келеді. Бұндай турлар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының төңірегінде айтарлықтай жақсы дамыған. Аталған турлардың өзегі — еліміздің ұлттық табиғи парктері. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) бару көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді. 2018 жылы ұлттық парктерге барушылар саны 1 234 362 адамды құрады (2010 жылы – 538 001 адам). 

— Қалай ойлайсыз, демалыс уақытын елден сыртқа шықпай өткізген тиімді ме? Оның қандай артықшылықтары бар?

— Ел ішіндегі демалыстың артықшылықтары туралы айта отырып, әрине, ең алдымен қауіпсіздік, медициналық көмектің қолжетімділігі, тілдік кедергілердің болмауы және т.б. атап өткен жөн. Дегенмен, отандастарымыз үшін басты мотивация туған өлкені зерттеу, мемлекеттің ұлттық, тарихи-мәдени және табиғи құндылықтарымен жақынырақ танысу мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл өскелең ұрпақтың зияткерлік, рухани және шығармашылық дамуына, сондай-ақ олардың бойында патриоттық тәрбиені ұялатуға ықпал етеді.

Қазақстан нысандарын әлемнің танымал жағажайлы курорттық орындарымен салыстыру үшін жағажай туризмін дамытудың басымдықтарының бірі ретінде таңдалған Каспий жағалауын дамыту қажет.

Биыл 31 мамырда ел Премьер-Министрі А. Мамин мен мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Ақтау маңынан халықаралық санаттағы жаңа курорттық нысан құрылысының орнына тас қойды. Осыған ұқсас курорттық орындар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен пайда болады, онда мемлекет инфрақұрылымды реттесе, бизнес мейманханалар мен ойын-сауық орындарын салады.

— Көптеген азаматтар шетелдерде демалу отанымызда демалғаннан арзанға түседі дейді?

— Демалыс орындарының бағасына келсек, демалыс құнын маусымға, туристік ұсыныс құрылымына, туримз түріне және басқа да көптеген факторларға байланысты қарастыру қажет. Мысалы, ұшақ билеттерін алдын-ала сатып алу ұшар алдында сатып алған билеттерге қарағанда арзанға түседі, ал курорттық қонақ үй бағасы маусымға және толығуына орай құбылады: әрине, нағыз маусымында басқа маусымға қарағанда баға жоғары болады.

Ел ішінде демалу шетелде демалғаннан қымбатқа түседі деген пікір бар. Бұл ретте, көбіне Түркия мен Бурабайдың бағаларын салыстырады. Бұл екі нысан инфрақұрылымның даму деңгейімен ғана емес, туристік ұсыныстармен, туристік маусымның ұзақтығымен және басқа да жағдайлармен ерекшеленеді. Бұл орайда Бурабайды Анталиямен салыстыруға болмайды, бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары бар, тіпті бағасы бірдей болғанның өзінде олар бір-бірінің орнын алмастыра алмайды.

Бурабай - бұл бір күндік турлар, демалыс күндері, қысқа мерзімді демалыс өткізілетін жер (санаторийлік емді есепке алмағанда), статистика көрсетіп отырғандай, эко-саяхаттауға баса мән берумен 3-4 күн демалатын орын, ерекше ауа райы мен демалу маусымының қысқалығын да ескеру керек. Тіпті бұл жағдайда да кез келген қаржыға демалатын орын: шатырлар мен жеке үйлерден бастап, бесжұлдызды қонақ үйге дейін табуға болады. Сервис деңгейіне байланысты мәселелер бар, бірақ бұл уақыт пен бәсекенің жеткілікті болуын талап ететіндіктен, біртіндеп жөнге келетін мәселе.

— Жағдайы орташа қазақстандық отбасыны алайық, мұндай отбасы жергілікті курорттарда демалу үшін қанша қаражат жұмсайды?

— Жоғарыда аталып өктендей, баға маусымға, демалатын жеріне, туристік ұсыныс құрылымына, тамақтануға (барлығы қосылған, тек таңғы ас т.б.) және басқа да көптеген қосалқы фаткорларға байланысты болады. Мысалы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында үш жұлдызды қонақ үйде таңғы ас қамтылған стандартты нөмірде жазғы кезде демалу құны бір ересек адамға 10 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында болады. Көптеген отельдер жеңілдіктер ұсынады, ал 5 жасқа дейінгі балалар тегін демала алады.

Мысалы, Сарыағаш курорттық аймағында бес рет тамақтанумен және емдеу бағдарламасымен стандартты нөмірде тұру бағасы 11-15 мың теңге аралығында. Көптеген санаторийлер де балаларға жеңілдіктер ұсынады.

Алакөл жағалауында пансионы толыққанды демалыс базаларында бір нөмірдің құны 10-12 мың теңге аралығында. Айта кету керек, бұдан екі есе арзан немесе үш есе қымбат демалыс орындарын да табуға болады. Бәрі туристің қалауына байланысты.

Сонымен қатар, ел ішінде демалу құнын төмендету мақсатында туризм бойынша мемлекеттік бағдарламада қазақстандық курорттарда каникул кезінде демалған жағдайда «1+2» схемасы бойынша (бір ата-анаға екі бала) KIDS GO FREE қағидаты негізінде балалар үшін әуе билеттерінің бағасын субсидиялау қарастырылған. Бұл шара 5 адамнан тұратын отбасы ел ішінде демалысты таңдағанда отбасылық бюджеттен орта есеппен 100 мың теңгені үнемдеуге мүмкіндік жасайды.

— Керемет демалыс үшін (табиғаты, орналасуы, бағасы) Қазақстандағы зерттелмеген жерлердің ТОП-5 атап өтсеңіз? Олардың қатарында туризм үшін беймәлім жерлер бар ма?

— Еліміздің әрбір өңірі табиғи және тарихи-мәдени мұраға аса бай, олардың көбі қазіргі таңда да аса танымал болып отырған жоқ.

Оның негізгі себептерінің қатарында тиісті ұсыныстар мен инфрақұрылымның болмауынан басқа, ақпараттың болмауы да бар. Еліміздің батыс өңірлерінің тұрғындары еліміздің шығысында немесе оңтүстігінде не барын білмейді және керісінше. Тіпті туристік компаниялардың өкілдерінің өзі еліміздегі көптеген қалалар мен туристік орындарда болмағандарын мойындайды. Сондықтан өткен айда біз отандық туркомпаниялар үшін Қазақстан бойынша ақпараттық турларға бастама бердік. Бірінші турға Батыс Қазақстанның 4 өңірінен 12 турагенттік пен оператор қатысып, Нұр-Сұлтан, Бурабай, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары араланды. Оның қорытындысы бойынша ақпараттық турға қатысқан кейбір компаниялар қазір Сарыағаш, Бурабай және Шығыс Қазақстан санаторийлеріне жазғы маусымға турлар сатуды бастады. Бұл тәжірибе басқа өңірлердегі турфирмалардың өкілдерінің қатысуымен жалғасын табады.

Өткен жылы Үкімет Қазақстан Республикасының Туристификация картасы әзірленді, онда республикалық маңызы бар ТОП-10 нысан және өңірлік маңызы бар ТОП-50 нысан айқындалды.

ТОП-10 нысан қатарына Нұр-Сұлтан қаласы, Имантау-Шалқар, Щучинск-Бурабай курорттық аймақтары, Баянауыл, Алакөл көлінің жағалауы (ШҚО, Алматы), Балқаш, Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау мен Түркістан енді. Бұл аймақтардың туризмді дамыту тұрғысынан әлеуеті зор.

Мемлекеттік бағдарламада аталған аймақтарда қажетті инфрақұрылымды дамыту қарастырылатын болады, бұл өз кезегінде туристердің онда болуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Бұл ретте, ТОП-10 немесе ТОП-50 нысандардың әрқайсысы 100% зерттелмеген. Тіпті, туристер ағымы қалыптасқан Баянауыл, Балқаш, Түркістанда тек бірлі-жарым адамдар ғана білетін жерлер мен нысандар бар. 

Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында бұл нысандарды ел ішінде де, шетелдерде де ілгерлету бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Біздің еліміз туристерге сан алуан демалыс түрлерін ұсына алады. Демалыс орындарын туризм түріне қарай таңдауға болады, бірақ мына 10 жерді әрбір адам көруі тиіс: Қайыңды, Бурабай, Бозжыра, Рахман бұлағы, Қорғалжын көлі, Ақтау тауы, әйгілі әнші құмдар, Белуха, Шарын шатқалы, Көлсай және Индер көлдері.

— Туристерді тарту және танымалдығын арттыру үшін Қазақстанда қандай имидждік жұмыстар атқарылып жатыр?

— 1,5 жылда едәуір жұмыстар атқарылды, ауқымды іс-шаралар өткізілді, түрлі елдерден келген 30-дан астам тревел блогерлердің қатысуымен бірқатар ақпараттық турлар, блог-турлар, экспедициялар ұйымдастырылды, 3000 фотосурет пен 5 сағаттық бейнежазбадан тұратын қор жиналды, Kazakhstan.travel елдік туристік порталы қайта іске қосылды т.б. Euronews арнасынан берілген бейнероликті, Kazakh TV, НТВ, России-1 және басқа да телеарналардан таратылған бағдарламаларды жеке атап өткен жөн.

Бұл ретте көптеген іс-шаралар бюджет қаражатын шығындамай, әріптестік негізінде өткізілді. Олардың қатарында ҚР туризм елшілерінің бағдарламасын іске қосу, вокзалдар мен әуежайларда роликтерді орналастыру, Air Astana ұшақтарының бортында, Қазақстан Темір Жолы пойыздарында ойын-сауық бағдарламаларында Қазақстанмен танысу бөлімдерін көрсету т.б. бар.

— Шетелдік туристерді қандай мәдени-тарихи көрікті жерлер тартады?

— Қазақстанда әрбір адам көруі тиіс көптеген тарихи-мәдени нысандар бар, ал олардың кейбірі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген. Бәрі туристердің қалауларына байланысты: көбі Жібек жолында саяхаттағанды ұнатады, Көне Таразды көреді, Түркістан болып, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенесіне барады, Отырар, Сауран қалашықтарын аралайды. Енді біреулері Маңғыстау облысындағы Бекет ата және Шақпақ ата мешіттерін, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтерін немесе Шығыс Қазақстан облысындағы Берел және Шілікті қорғандарын көруге асығады, сондай-ақ көптеген қалашықтар мен басқа да культтік құрылымдарды көре алады.

— Қазақстанда онлайн-тревел қаншалықты дамыған? Оның перспективалары қандай?

— Бүгінгі таңда 3,5 млрд-қа жуық адамға ғаламтор қолжетімді, бұл адамдардың жастары, білім деңгейі мен табыстары әр түрлі. Google зерттеулеріне сүйенсек, туристердің 65%-ның демалыс орнын таңдауына онлайн ресурстардан алған әсерлері ықпалын тигізеді.

Қазір туризм саласында отандық бизнес қатысушыларының туристік қызметтерінің онлайн ұсыныстары санаулы ғана, олардың басым бөлігі ұшақ билеттері мен ірі шараларға билеттер ұсынумен шектеледі. booking.com, hotels.com, aviasales.com тәрізді шетелдік порталдарды біз есепке алмаймыз.

Осы сегментте «Kazakh Tourism» компаниясы жүзеге асыратын негізгі жоба Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы болуы тиіс. Қазіргі кезде портал 6 тілде - қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай тілдерінде жұмыс істейді. Биыл кәріс тілі қосылады. Портал шетелдік туристі біздің елімізге келу үшін тарту функциясын атқарады, онда еліміздің басты ерекшеліктері мен көрікті жерлері туралы баяндалады. Сонымен қатар порталда бизнеске арналған бөлім бар, ол тур операторларға, гидтерге, туристік агенттіктерге, қолөнер шеберлері мен сувенир сататын дүкендерге өз бағыттары, тауарлары мен көрсететін қызметтері туралы ақпаратты тегін орналастыруға мүмкіндік береді. Биыл біз бизнес үшін функционалды біршама арттыруды көздеп отырмыз.

Сонымен қатар порталды дамыту аясында бастама ретінде Е-hotel жобасы ұсынылды. Оның маңызды міндеті - е-виза алу үшін электронды шақыруларды беруді автоматтандыру. Сонымен қатар Е-hotel қонақ үйлер мен басқа да тұратын жерлердің бірыңғай базасын құруға мүмкіндік береді. Кейін бұл жоба тұратын орындар туралы ақпарат алу үшін бірыңғай терезеге айналуы тиіс.

Мемлекеттік бағдарлама аясында бұдан басқа басымдықты ТОП-10 туристік аумақтарда тегін ғаламтор желісін ұсыну, шетелдік туристер үшін PowerBank және SOS түймесі тәрізді жұмыс істейтін мобильді MiFi роутерлер беру жоспарланған. Ішкі туризмді дамыту үшін сонымен қатар жастарды Қазақстанда саяхаттауға үндейтін Киелі жерлер геймификациясы жобасы ұсынылды.

— Сұхбатыңызға рахмет!

primeminister.kz