03 қыр, 2021 сағат 12:32

Іргелі ғылымдарға берілетін грант мерзімін 5 жылға ұзарту өте орынды- PhD докторы


ҚР Президенті Жолдауындағы қазақстандық ғылымды дамытуға қатысты ойлар уақытылы айтылған пайым. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, PhD докторы Далелхан Айболат білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының өз Жолдауында қазақстандық ғылымды дамытуға қатысты білдірген ойларын уақытылы айтылған пайым деп бағалауға болады. Іргелі ғылымдарға берілетін гранттардың мерзімін 3 жылдан 5 жылға ұзарту өте орынды. Көптеген ғылым салаларында іргелі зерттеулер жүргізу - ғылыми гранттарға қойылатын басты талаптардың бірі. Яғни зерттеу нәтижелерін әлемдік беделді ғылыми журналдарда жариялауға 3 жылдық мерзім аздық ететіні рас. Ғылыми грантты жеңіп алған көптеген зерттеушілер уақыт тығыздығынан өз зерттеулерін сапалы аяқтап, зерттеу барысында қол жеткізген зерттеу қорытындыларының шынайылығына толыққанды көз жеткізуге және әр ғылыми мақаланы ұзақ сараптап, рецензиялайтын халықаралық рейтингі жоғары журналда өз жұмыстарын жариялап үлгермей жататындығын алға тартады. Соның салдарынан көптеген қазақстандық ғалымдар мақалаларын асығыс «алаяқ» журналдарда жариялап, еліміздің ғылым деңгейі мен беделіне нұқсан келтіріп жататыны жасырын дүние емес»,- деді ғалым. 

Сондай-ақ, ол ғылым гранттарының бөлінуіне қатысты қазақстандық ғалымдардың уәжі де көп екендігін алға тартады. 

«Бірнеше жыл бұрын баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде көптеген ғалымдарымыз өз жобаларының сараптама кезеңінде жоғары ұпай жинағанына қарамастан грантқа ие бола алмай қалғанын айтып, ғылым гранттарын бөлуде «бармақ басты, көз қыстылық» көп екенін алға тартқан еді. Мемлекет басшысының Ұлттық ғылыми кеңестердің шығаратын шешімдерінің объективті болуы үшін аппеляция институтын енгізуді ұсынуы ғылым гранттарын бөлу барысында туындайтын дау-дамайларды оңтайлы шешіп, ғылымға бөлінген қаржыны нақты лайықты ғалымдар мен зерттеу топтарының игеруіне септігін тигізеді деп сенемін»,- деді Далелхан Айболат.