06 қар, 2020 сағат 10:40

Иранның рухани көсемі АҚШ-тағы сайлауды "спектакль" деп атап, мысқылдады

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи АҚШ-тағы президент сайлауының өту барысын мысқылдап, тартысты бәсекені “спектакль” деп атады.

Сайлау учаскелерінің жабылғанына 24 сағаттан астам уақыт өтсе де, АҚШ-та президент сайлауының жеңімпазы анықталмады. Бәсеке ерекше тартысты өтіп жатқан штаттарда дауыс санау әлі жалғасып жатыр.

Дональд Трамп кейбір штаттарда заңбұзушылық болғанын мәлімдеп, соттан дауыс санауды тоқтатуды сұраған. Дәлелі жоқ Трамптың әрекетін көптеген республикашыл әріптестері айыптаған.

Ал Джо Байден әрбір Америка азаматының дауысы есептелетінін айтып, Трамп штабының "заңнамалық қарсылығына" төтеп беретінін жеткізді.

“Не деген спектакль! Бірі Америка тарихында бұрын-соңды болмаған жалған сайлау өтті дейді. Мұны қазір президент кеңсесінде отырған мемлекет басшысы айтып отыр. Ал оның қарсыласы Трамп сайлауды әдейі бұрмалағысы келеді дейді. АҚШ-тағы сайлау мен АҚШ демократиясының нағыз бейнесі осы” деп жазды Хаменеи Twitter-де.

Осыған дейін Хаменеи АҚШ-тағы сайлауда кім жеңсе де, Иранның АҚШ-қа қатысы ұстанымы өзгермейді деп мәлімдеген еді.

Трамп 2015 жылы Иран және өзге алып мемлекеттермен жасасқан ядролық келісімнен шығып, Тегеранға экономикалық қысымын үдеткен еді. 

Ал Байден осыған дейін сайлауда жеңсе, келісімге қайта қосылатынын мәлімдеген. 

Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынасты АҚШ-тағы сайлау ғана шешпейді. 

2021 жылы маусым айында Иранда президент сайлауы өтеді. Президенттіктің екі мерзімін аяқтаған қазіргі басшы Хасан Роухани бірақ оған қатыса алмайды. Даулы ядролық келісімнің жасалуына көп күш-жігер жұмсаған Роухани келісім сәтсіз шыққаны үшін сыншылар қысымына ұшыраған. 

Иранда билік бақылауымен өтетін президент сайлауына әдетте саяси, әскери, діни элитадан іріктелген кандидаттар қатысады.

2017 жылы президент сайлауынан кейін Хаменеиге жақын саясаткерлердің бірі Роухани жеңген сайлауда дауыс ұрлау көп болғанын мәлімдеген.

2009 жылғы даулы сайлаудан кейін елде жаппай наразылық тұтанып, арнайы жасақ дөрекі күш қолданып, басқан.