"Намыс" үшін өлтірілді деген 14 жасар ирандық Роминаның суреті.
Иранның Гилян провинциясында "намыс үшін" 14 жасар қызын балталап өлтірген азамат тоғыз жылға сотталды. Үкім 28 тамыз күні кесілді. Бұл туралы ILNA ақпараттық агенттігі хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, марқұмның анасы үкімді қайта қарап, айыпталушыны өлім жазасына кесуді сұраған.
"Сот билігі бұл іске "ерекше көңіл" бөлініп жатыр деп мәлімдеген еді, бірақ үкім мені және отбасымды дүрліктірді" деді марқмұм қыздың анасы Рана Дашти ILNA агенттігіне. Дашти отбасының өзге мүшелеріне алаңдайтынын айтты.
21 мамыр күні болған бұл оқиға елдің наразылығын тудырды. Иран президенті Хасан Рохани қыздың өлтірілуіне өкініш білдіріп, зорлық-зомбылыққа қарсы бірқатар заңды жедел қабылдауға шақырды.
Иран басылымдарының хабарлауынша, марқұм Ромина өзінен 15 жас үлкен ер азаматқа күйеуге шығуына әкесі рұқсат бермеген соң, үйінен қашып кеткен.
Билік органдары қызды ұстап, үйіне қайтарған. Оның өз өмірі үшін қауіптенетінін елемеген. Ромина үйіне келіп, ұйықтап жатқанда әкесі оны балталап өлтірген. Қылмыс отбасының Гиландағы үйінде болған.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Ромина тұрмыс құрғысы келген ер азамат екі жылға сотталған. Қандай айып тағылғаны айтылмайды.
Иранда кісі өлтірген адам не өмір бойына бас бостандығына айырылады не өлім жазасына кесіледі. Алайда "намыс" үшін кісі өлтірген адам он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.