12 жел, 2019 сағат 10:06

Ирактан қайтарылған балалар елордада туыстарына тапсырылды

Бүгін елордадағы «Бәйтерек» монументінде Ирактан оралған 14 баланың 10-ы туыстарымен қауышты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балаларды туыстарына табыстау шарасына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҚР Білім және ғылым министрінің балалар құқығы жөніндегі кеңесшісі Райса Шер қатысты.

«Елбасымызға, Қазақстан Президентіне, балаларымыздың Отанына оралуы үшін тыңбай еңбек еткен барлық жанға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін міне, үш немереммен қауышып отырмын. Оларды ешқайда жібермеймін, қасымда болады. Ешкімге бермеймін, өзім тәрбиелеймін. Қуанышымда шек жоқ. Үйде атасы, аға-әпкелері асыға күтіп отыр. Екі үлкен немерем Қазақстанда дүниеге келген, мені таниды. Ал кішкентай қыз немерем ана жақта туған», - деді Орал қаласынан келген Ықылас есімді баланың әжесі.

Шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бүгінгі процедура «Русафа» деген атаумен арнайы өтізілген операцияның логикалық аяқталуы саналатындығын айтты.

«Бұл балаларға ел болып қамқоршы, тілекші болдық. Бірақ, нағыз қамқорлық көретін жерлері – отбасы. Сондықтан туыстарына табыстап отырмыз. Мемлекет бұл балаларға барынша көмек көрсетуге тырысады», - деді ол.

Ал Райса Шердің айтуынша, бүгін Ирактан оралған 14 баланың 10-ы туыстарының қолдарына табысталды. Қалған 4 бала Нұр-Сұлтан қаласында қалады және отбасылық үлгідегі балалар үйіне орналастырылады.

«Қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта тұратын орындары нақтылану үстінде. Бұл төрт бала ағайынды және олардың туыстары Қарағанды облысында тұрады. Олар балалардан бас тартып отыр. Сондықтан олар мемлекеттің қамқорлығында болады», - деді Райса Шер.

Айта кетейік, осы жылғы қарашаның 27-інен 28-іне қараған күні Ирактан 14 бала Қазақстанға жеткізілді. Олар Нұр-Сұлтан қаласындағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында медициналық тексеруден өтіп, ортаға бейімделген болатын.