29 қаң, 2021 сағат 06:25

Иракта ИМ жетекшілерінің бірі атып өлтірілді

Ирак күштік құрылымдары "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы әскери жетекшілерінің бірін атып өлтірді. Бұл туралы 28 қаңтарда Ирак премьер-министрі Мустафа әл-Казыми хабарлады. Бір апта бұрын осы ұйымның мүшелері Бағдат орталығындағы базарда өздерін жарып, ондаған адам қаза болған

"Біздің қаһарман сарбаздарымыз операция барысында ИМ командирі Әбу Ясир әл-Иссавидің көзін жойды" деп жазды Казыми Twitter-де. 

Әл-Иссави (Жаппар әл-Иссави) Киркук қаласының батысында жүргізілген әскери операция барысында өлтірілген. Бұл аймақта әлі де ИМ содырлары кездеседі. Операцияны Ирактың терроризммен күрес элиталық қызметі барлау басқармасының көмегімен жүргізген. 

Терроризммен күрес қызметінің хабарлауынша, Ирак әскері ИМ содырларымен қақтығысып, әл-Иссави сол атыс кезінде қаза тапқан. 

Өткен аптада ИМ Бағдат орталығындағы адам көп жүретін базарда болған шабуылды мойнына алған. Егіз жігіт өздерін жарып, екі жарылыстан кемінде 32 адам қаза болған. Бұл үш жыл ішіндегі ең ірі шабуыл.

Ирак билігі бұл 2017 жылы жеңіліске ұшырап, артқа шегінген ИМ-нің қайта жандана бастағанын білдіруі мүмкін деп мәлімдеді. Содырлар Киркук маңындағы шөлейт және таулы аудандарда қимылдап жатыр. 21 қаңтар күнгі ірі шабуылдан кейін Ирак күштік құрылымдары қатты сынға ұшыраған.