Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади сенбі күні Бағдатта сөйлеген сөзінде Ирак әскері Сириямен шекараны шөлейттегі аудандармен қоса басынан аяғына дейін бақылауына алды деп мәлімдеді.
Бұған дейін Ирактың барлық ірі елді мекендері "Ислам мемлекеті" экстремистік тобынан азат етілгені туралы хабарланған.
Экстремистік топ осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак территориясының үштен бір бөлігіне жуығын бірнеше ірі қаласымен бірге, соның ішінде ИМ "халифат астанасы" деп жариялаған Мосул қаласын да басып алған болатын. Ирак армиясы күрд және шиит қарулы жасақтарының, сонымен бірге АҚШ бастаған халықаралық коалицияның көмегімен жихадшылар күшінің бетін қайтарып, кейін қарсы шабуыл ұйымдастырып, ел территориясын ИМ экстремистерінен азат етуді бастаған. Мосул қаласын биылғы жылдың басында жаудан босатқан.
Бұдан бірнеше күн бұрын Ресей қарулы күштерінің бас штабы Иракпен көрші Сирия территориясында ИМ тобы толықтай күйрегені туралы мәлімдеген. Алайда халықаралық коалиция басшылығы Сирияның кей аудандары әлі жихадшылар бақылауында екенін айтады.