GettyImages.ru
Иордания патшайымы Рания Израильдің бомбалауы салдарынан Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың өлімін айыптамаған Батыс басшыларына наразылығын білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі CNN-ге сілтеме жасап.
CNN тілшісі Кристиан Аманпурға берген эксклюзивті сұхбатында Рания:
«Таяу Шығыс елдері, оның ішінде Иорданияның халқы әлемнің соғысқа қарсы әрекетінен көңілі қалды. Соңғы екі аптада біз әлемдегі екіжүзділіктің куәсі болдық.
7 қазанда болған оқиғаға қатысты әлем бірден Израильді және оның өзін-өзі қорғау құқығын қолдады және жасалған шабуылды айыптады... Бірақ соңғы екі аптада болған оқиғаларға қатысты әлемнің жақ ашпай отырғанын көріп отырмыз», - деді.
Израиль қорғаныс күштерінің мәліметінше, ел 7 қазанда Палестинаның жағалаудағы анклавты бақылайтын ХАМАС тобы жасаған шабуылдарынан кейін Газа секторына «толық блокада» жариялады, салдарынан 1 400-ден аса адам қаза тауып, 200-ден астам адам кепілге алынды.
Аталмыш қоршау халқы тығыз орналасқан Газа секторын аяусыз әуе шабуылдарының астында қалдырып, оқшауланған аймақтың бүкіл халқы үшін азық-түлік пен суды қоса алғанда, өмірлік маңызды керек-жарақтарды бұғаттады.
«Бүгінгі заман тарихында адамзаттың мұнша азап шегуі бірінші рет болып тұр. Ал әлем атысты тоқтатуға шақырмай отыр. Бұл үнсіздік батыс елдерін сыбайлас етеді», - деді патшайым Рания.
Газадағы ХАМАС бақылауындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, Израиль соққыларынан қаза тапқандар саны 5 000-нан асты, оның ішінде 2 000-нан астамы балалар. БҰҰ-ның кем дегенде 35 қызметкері қаза тапты.
«Мен, палестиналық аналар да басқа аналар сияқты балаларын жақсы көретінін әлемнің есіне салғым келеді», - деді Рания.
Айта кетейік, Араб елдері көшбасшылары АҚШ-тың Израильді тежеуге ниет танытпағанына наразылық білдірді. Иордания, Мысыр және Палестина автономиясы өткен аптада АҚШ президенті Джо Байденмен жоспарланған Иордания саммитінен бас тартты.