Facebook пен Instagram арқылы жолдаған шағымдар интернет сапасын тексеруге негіз бола алмайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарға осындай өтініш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, қазір әр облыста интенет сапасын өлшейтін арнайы қондырғы бар. Бірақ оныауызша шағымдардың негізінде қолдануға заңнама рұқсат етпейді.
«Интернеттің сапасын арттыру үшін біз арнайы қондырғы сатып алдық. Бұған дейін олардың саны республика бойынша алтау ғана болатын. Яғни, бүкіл ел аумағына осы 6 қондырғыны пайдаланып келген едік. Қазір 17 өңірде 17 қондырғы бар. Әр облыстың орталығында тұр. Өңірлердегі интернет сапасын тексеру үшін өңірлерге шығып тұрамыз», - деген министр өзінің Түркістан облысындағы интернет сапасы нашар ауылдарды қалай анықтағанын баяндап берді.
«Шымкенттен Түркістанға кетіп бара жатып, 2 ауылға кіргенмін. Сонда бұл ауылдарда интернет шынымен әлсіз екенін көрдік. Сәйкесінше жаңағы айтқан құрылғымен өлшемдер алдық. Сол өлшем қорытындысы бойынша KCell компаниясына айыппұл жазып бердік. Интернет ұсынушы ұйымға келеңсіздік жою үшін 2 ай уақыт бердік. Егер кемшіліктер уақытында жойылмаса, бұдан қаталдау шаралар қабылдауға құқығымыз бар. Міне осындай тәсілмен 17 өңірде сапасыз интернеті бар ауылдарды анықтап, қызмет ұсынушыларға айыппұл тағайындаймыз», - дейді Бағдат Мусин.
Ол, сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылытүскен шағымдар тексеруді бастауға негіз бола алмайтынын ескертті.
«Фейсбук», «Инстаграм» арқылы көп өтінім келеді. Біз оларды тексеруге негіз етіп пайдалана алмаймыз. Бас прокуратураның бизнесті қорғау аясындағы талабы осындай. Біз азаматтардың жазбаша өтініші бойынша ғана тексеру бастай аламыз. Ол өтініше шағымданушының өзі қол қою керек немесе ЭЦҚ арқылы расталған болуы керек. Сондықтан, біз шынымен ауылдарыңызға барып интернет сапасын өлшем, қажетті шаралар қабылдағанымызды қаласаңыздар, шағымдарыңыз министрлікке тікелей ресми бағытталуы керек. Телекоммуникациялар комитетіне де жолдауларыңызға болады», - деді Бағдат Мусин.