Депутат Аманжан Жамалов соңғы жылдары Қазақстан инновациялық технологияларға қыруар қаржының ретсіз жұмсалып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжіліс депутаты аталған сұрақ бойынша ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал жолдады.
«Мемлекет басшысы өзінің соңғы Жолдауында жаңа технологиялардың енгізілуіне ерекше мән берді. Еске салайын, 2013 жылы ҚР инновациялық дамуының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығына қарай, шынында да инновациялық дамуға қол жеткіземіз деген болжам бар еді. Өкініше қарай, олай болмады. Ауқымды бюджеттік шығынның есебінен жасалған инновациялық құрылым өзін-өзі ақтамады», - дейді депутат сауалында.
Оның айтуынша, «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аумағында 2020 жылға дейін 250-350 млн АҚШ долларлық шетелдік инвестиция тарту міндеті жүктелген.
«Осы тапсырманың аяқсыз қалғанына кімнің жауапты екені түсініксіз. АЭА ИТП-нің құрылымына ғана бюджеттің 20 млрд теңгесі кетті. Біздегі паркті бірдей қағидат бойынша жұмыс жүргізетін Беларусьтағы жоғары технологиялардың паркімен салыстырыңыз. Ол елдегі парк қазіргі таңда бағдарламалық өнімдер мен ІТ-қызметтерінің жаһандық экспортеріне айналып үлгерді. 2017 жылы аталған парктің экспорты (192 компания) 1 млрд доллар кіріс әкелген. 100 млн АҚШ долларына жуық тікелей шетел инвестициясы тартылған. Қазақстан тіпті мұндай көрсеткішке жақындаған да жоқ», - дейді депутат.
Мәжілісмен сондай-ақ, 2011 жылы құрылған ТДЖҰА (Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ) 11,5 миллиард теңгеге 316 инновациялық грант бөлгенін жеткізді.
«Нәтиже байқалмайды. Осыған қарамастан, 2017 жылы «ТДЖҰА» АҚ-қа 3,7 млрд теңге бөлінді. 2018 жылы тағы 0,8 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жаңа инновациялық орталық ашуға біздің екінші мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан, тәжірибедегі сәтсіздіктерді есепке ала отырып, үздік әлемдік тәжірибелерді ескеру керек. Біріншіден, ІТ-сакторы үшін жеңілдіктерді кеңейтіп, екіншіден, жаңа инновациялық орталық ашу кезінде мақсатты тиімділік көрсеткіштерін әзірлеп шығу керек», - дейді ол.