ҚР Индустрия және Инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қарасты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство мәліметінше, ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Петропавл, Тараз қалаларындағы компаниялардың басшыларынан техникалық қадағалаудың инжиниринг қызметтерін жүзеге асыру бойынша аккредитация бергені үшін 8 млн теңгеден астам пара алды деп күдіктеліп отыр.
«Күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Қамауға алу түріндегі бұлтартау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Күдіктіге қатысты соңғы үкімді оның кінәлілігін анықтай отырып, сот шығаратын болады», - деп атап өтті агенттік өкілдері.
Айта кетерлігі, 2018 жылы дәл осы басқарманың бұрынғы басшысы Қарқынбаевқа да пара алғаны үшін 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынған еді.