Қазақстанның Елшісі Данияр Сарекенов және Индонезия Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Воро Харианти Индонезия Ұлттық кітапханасының ғимаратында Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ әдебиетінің жинағын салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Іс-шара ұлы қазақ философы мен ағартушысының 175 жылдық мерейтойына орай өтті.
Жинақ үшін танымал балилық ағаш кесуші Вайан Мудан Абайдың бюстін жасаған.
Бұл жолғы жинақтың ерекшелігі - алғаш рет Абайдың ең маңызды шығармаларының бірі «Қара сөздері» индонезиялық тілге аударылды.
В. Харианти қазақ әдебиеті жинағының ашылуымен және Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуымен құттықтап, Абайдың есімі бүкіл әлемге оның дана сөздері мен рухани мұрасының арқасында белгілі екенін атап өтті. Оның пікірінше, Абай атындағы Қазақ коллекциясы, сондай-ақ «Қара сөздердің» аудармасы индонезиялық оқырмандарға қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысуға және әлемнің әдемі елдерінің бірі - Қазақстан туралы көбірек білуге көмектеседі деді.
Тараптар ұлттық кітапханалар желісі бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайтуға келісті.