27 қаң, 2021 сағат 07:10

Індеттен қорғану үшін бұл вакцина қажет – Елена Ковзель

Республикалық диагностика орталығының клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.д. Елена Ковзель 1 ақпанда басталатын коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Коронавирусқа байланысты вакцинацияның басталуы - күткен науқан. Мемлекет пен денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды аталған індеттен қорғау үшін осындай ұсыныс жасап отыр. Ал оның тиімділігі қалай болатынын айту өте қиын. Әрине, жақсылықтан үміттенеміз. Қалай десек те, індеттен қорғану үшін бұл вакцина қажет. Оның үстіне бұл вакцина COVID-19 індетінің бұрынғы белгілерінен ғана емес, басқа да түрлерінен қорғайды. Вакциналау бірінші кезекте оқытушыларға, әскери қызметкерлерге және медицина қызметкерлеріне салынады. Біз сол кезде осы акцияның қаншалықты тиімді екенін байқай аламыз. Сосын халықтың басқа бөлігіне салуды жалғастыруға болады, - дейді Елена Ковзель.

Ол осы вакциналауға қарсы шығып жатқан тараптың пікіріне қатысты да ойын білдірді.

Вакциналауға қатысты негативті пікірлердің бар екені рас. Бір жағынан ол адамдарды түсінемін. Интернетте нақтыланбаған жалған ақпараттар өріп жүр. Сондықтан адамдар кімге сенерін білмей қалады. Бірақ айтарым, Денсаулық сақтау министрлігі нарықта бар вакцинаның ішінде ең озығын таңдап отыр. Гамалеи атындағы институттың 150 жылдан бері тәжірибесі бар. Біз халыққа бұл вакцинаның қажет және қауіпсіз екенін дәлелдей аламыз деп ойлаймын. Өзімнің дәрігер ретінде 25 жылдық тәжірибем бар. Жалпы практикада вакцинаның арқасында миллиондаған адамдардың өмірін құтқарып жатқанымызға куәмін. COVID-19 басталған 2019 жылдың соңы мен былтырғы жылы қаншама азаматтарымыз осы індеттен өмірден өтіп кетті. Егер вакцина салынған кезде біразын қорғап қалуға болар еді. Вакцина қалай десек те адамдардың өмірін қорғауға керек, - дейді дәрігер.

Ол осы ретте «Вакцина салынғаннан кейін адамдар емін-еркін жүре ала ма?» деген сауалға жауап берді.

Вирусқа қарсы профилактика міндетті түрде қажет. Жалғыз коронавирус емес, тұмау, парагрипп бар. Ал нақты коронавирусқа тоқталатын болсақ, бұл жерде ағзаға вирус қаншалықты тарағаны маңызды. Вакцина алған адам өмір бойына індеттен қорғанып жүруі мүмкін емес. Бірақ бір рет вакцина кемі 2 жылға жарамды болады, - дейді Елена Ковзель.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлаған болатын. Министрдің айтуынша, халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазір әлемде 25 вакцина сынақтан өтіп, тағы 100-ден астамы әзірленіп жатыр.