30 қаз, 2017 сағат 07:58

Иманғали Тасмағамбетов: "Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын - жақын"

РФ СІМ Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтында (Университетінде) Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің мұрындық болуымен "Қазақстан – Ресей: дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы" атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР-ның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасап.

Жиынды бастаған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов екі мемлекеттің байланысы тереңде жатқанын, осы уақыт аралығында берік  рухани негіз қалыптасып үлгергенін, ширек ғасыр аралығында Қазақстан мен Ресей арасында 300-ге тарта маңызы жоғары, серіктестікті нығайтатын екіжақты келісім жасалғанын ерекше атап өтті.

"Екіжақты байланыстың орнауы екі елдің мәселені шешуде қолданатын әрекет амалдарына байланысты. Өзге елдерде оң шешімін таппаған түйткілді мәселе Қазақстан мен Ресей арасында болған емес", – деді жиын барысында Иманғали Тасмағамбетов. Осы ретте елші мырза «туысы жақын жақын емес, қонысы жақын жақын»", – деген мақалды тілге тиек етті.

Өз кезегінде сөз алған ММХҚИ Ректоры Анатолий Торкунов Ресей мен Қазақстан бұрыңғы кеңес мемлекеттері арасында қауқарын мықтаған мемлекеттер екенін айта келе,  тәуелсіздік алғалы бері ең жақын серіктес болғанына да ерекше тоқталды.

"Біздің мемлекеттер 25 жыл аралығында халықаралық деңгейде тығыз қарым-қатынас орнатты. Сондай-ақ Қазақстан осы жылдар аралығында сыртқы саясаттың негізгі құралы ретінде дипломатиялық қызметті жақсылап жасақтай алды. Соның айқын дәлелі ретінде Қазақстанның халықаралық деңгейде беделі жоғары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес өкілі ретінде сайлануын айтуға болады", – деді Анатолий Торкунов.

РФ Сыртқы Істер Министрінің орынбасары Григорий Карасин Иманғали Тасмағамбетовтың сөзімен келісе отыра, қос мемлекет арасында қандай да мәселе болмасын екі жақты, көпжақты келіссөздер арқылы шешіліп жүргенін ерекше атап өтті.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңаша қарым-қатынастар жоқ жерден пайда болған жоқ. Кеңес үкіметі ыдыраған соң тәуелсіз мемлекеттер тосыннан шығатын мәселелерді айналып өтуге мейлінше тырысты", – деді ресей дипломаты.  Оның пайымдауынша, қос ел де байланыстың тереңдей түсуін қалайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ТМД, ОДКБ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ ұйымдардың белді мүшелері.

Г.Карасиннің пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық байланыстың артуы ең алдымен екі ел басшылары арасындағы саяси сенімділік пен дәстүрлі достық қарым-қатынасқа негізделіп отыр.

Аталған конференцияға қатысқан азаматтар Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығына жол ашатын көптеген факторлар бар екенін айтты. Бұл ортақ тарих, 7 мың км-ге ұзақтыққа созылатын ортақ шекара, ортақ тіл және ұқсас діл. Сондықтан тату көршілік пен тең құқықты ынтымақтастықтан басқа қандай да бір өзге саясат екі мемлекеттің түбірлі мүдделеріне қайшы келеді.

Оның үстіне екі елдің өзара іс-қимылының терең қатпарлы факторлары Астана мен Мәскеудің көптеген көкейтесті халықаралық проблемаларға көзқарастарының жақындығын айқындайды. Мұның өзі ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сыртқы саяси өзара іс-қимылға, бастамаларды екі жақты қолдауға жәрдемдеседі. Халықаралық сахнадағы ынтымақтастық өзара қарым-қатынастың сапалы жаңа деңгейіне – стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді, бұл дегеніміз екі мемлекет басшыларының тұрақты байланыстарын қоса алғанда, барлық деңгейлердегі жан-жақты байланыстарды білдіреді.

Аталған шараға РФ Президент әкімшілігінің өкілдері қос елдің дипломаттары, белді сарапшылары мен журналистері қатысты.