16 мау, 2020 сағат 11:04

Іле Алатауы паркінде от жаққандар 4 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Іле Алатауы ұлттық паркінің территориясында өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң қолға алмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ауа температурасының жоғары болуына байланысты орман территориясында, таулы аймақтарда өрт қаупі артып отыр. 

Карантин кезінде 200-ге тарта өрт шыққан.

Осыған байланысты қалалық ТЖД, табиғатты қорғау полициясы мен Іле Алатауы паркінің инспекторларының патрульдік бақылауы күшейтілді.

«Өткен демалыста Бостандық аудандық ТЖ басқармасының қызметкерлері орман территориясында от жаққандарды анықтады. 54 жастағы тұрғын от жағып, тамақ пісірген, самаурын қайнатқан», - деді ТЖД баспасөз қызметінен.

Ерекше күзеттегі территорияда өрт қауіпсіздігі шарттарын бұзған жеке тұлғаларға - 100 АЕК (277 800 тг) мөлшерінде, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлер - 250 АЕК мөлшерінде, орта бизнес субьектілеріне – 400 АЕК, ірі бизнес субьектілеріне 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 

«Ұлттық парк инспекторлары ереже бұзған адамға әкімшілік айыппұл толтырды. Ол 7 күн ішінде 50 АЕК, 138 900 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Осындай заңбұзушылықтар үшін Медеу шатқалында, Ақсай шатқалында от жаққан азаматтарға айыппұл салынды», - деді ТЖД.

2020 жылдың басынан 57 дерек тіркелді, 23 әкімшілік хаттама толтырылған.