24 мам, 2021 сағат 13:03

ІІМ «Жолдағы қабылдау» акциясының қорытындысын шығарды


Өткен аптада еліміздің аумағында өткізілген «Жолдағы қабылдау» акциясы барысында полицияға азаматтардан 9,5 мың өтініш түсті. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптаның соңында ІІМ «Жолдағы қабылдау кең ауқымды республикалық акциясын өткізді. Еліміздің қалаларында және аудан орталықтарында полиция департаменттерінің, әкімшілік полицияның жергілікті және көші-қон қызметтерінің басшылары алдын алу жазылусыз онлайн қабылдау өткізді. Акция барысында «қауырт желі», скайп-конференциялар, әлеуметтік желілердегі полиция аккаунттарына, өңірлік БАҚ-тардың ақпараттық платформаларына хабарлама арқылы консультациялар ұйымдастырылды», - деді ол Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Ресми өкілдің дерегінше, акция барысында азаматтардан 9 595 өтініш түсіп, оның 9 575-і қанағаттандырылды. Ал 20 өтінішке жауап олар жан-жақты қаралғаннан кейін беріледі. 

«Сұрақтар негізінен көлік құралдарын тіркеуге, жүргізуші куәлігін беруге, жол қозғалысын ұйымдастыруға, көлік құралын қайта жабдықтауға, айыппұл төлеуге қатысты болды», - деді Нұрділдә Ораз.