01 мам, 2019 сағат 19:30

ІІМ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингіде 80 адам ұсталғанын хабарлады

Бүгін Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында митингілер өтті, наразылық кезінде шамамен 80 адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

"1 мамырда Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Бас прокуратураның ресми хабарламасына қарамастан, санкцияланбаған митингілер мен азаматтардың жиналуы орын алды. Акцияға қатысушыларға өздерінің ұстанымдары мен әлеуметтік және басқа да проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілді. Алайда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жиналғандардың ішінен бірқатар адамдар өздерін агрессиялық түрде ұстап, тыйым салынған "ДВК" экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтып, қоғамдық тәртіпті бұзды" делінген хабарламада.

Осыған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулер өткізу тәртібі туралы заңнаманың ережелерін түсіндірген.

"Жекелеген азаматтар заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарға бағынбады. Содан кейін полиция күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге және тәртіп бұзушыларды ұстау шаралары қабылданды. Нәтижесінде елордада және Алматыда полиция бөлімдеріне 80 азамат жеткізілді. Олардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілетін болады" дейді ведомство өкілдері.

Ішкі істер министрлігі азаматтарға арандатушылыққа берілмеуге және Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтауға шақырды.