10 жел, 2025 сағат 15:57

ІІМ қысқы маусымда жол қауіпсіздігіне қатысты тұрғындарға үндеу жасады

Фото: ашық дереккөз

Қыс басталысымен ауа райының құбылуы мен жол жағдайының нашарлауы апат қаупін арттырады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол жүрісіне қатысушыларға арнайы үндеу жасап, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ мәліметінше, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.

"Қажет болған жағдайда жолдар толықтай жабылуы мүмкін. Қыс мезгілінде автожолдарға 3.24 «Жылдамдықты шектеу» белгілері орнатылады. Ал Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарында ауа райы нашарлағанда жылдамдықты автоматты түрде төмендетуге мүмкіндік беретін электронды таблолар қойылған", – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы Ақтоты Боранова.


Оның айтуынша, бұл электронды ақпараттық таблолар боран, көктайғақ сияқты қолайсыз метеожағдайлар кезінде уақытша шектеулер енгізу үшін қолданылады. Барлық белгілер стандарттарға сәйкес орнатылған және жалпы тәртіптегі жол белгілері сияқты міндетті түрде сақталуы тиіс.

Сонымен қатар, жылдамдықты тіркейтін камералар жаңа шектеулерге автоматты түрде ауысып, көлік құралдарының рұқсат етілген және орташа жылдамдығын бақылауды жалғастырады.

ІІМ азаматтарды ауа райы болжамын қадағалап, жолға шықпас бұрын автокөліктің техникалық жағдайын тексеруге, ал жолда белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырды.