10 мам, 2023 сағат 14:34

ІІМ басшысы қазақстандық журналистің ұсталуына қатысты пікір білдірді

Фото: yujanka.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан Ішкі істер министрлігінің басшысынан журналист Еренғайып Қуатайұлының ұсталуына қатысты сұрақ қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Депутаттың айтуынша, ұсталған журналистен еш дәлелсіз жауап алынған көрінеді.

"Біз оны талантты журналист, Бостон мен Лондон марафондарының қатысушысы ретінде білеміз. Ол Алматыға ұшып келген, ал Қарағандыға ұшқанда оны төрт сағат ұстады. Нақты мысалдарға тоқталғым келеді. Қазір біз көп нәрсені көріп отырмыз. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелері бар. Бұл жерде кейбір қажетсіз қадамдар бар екені анық. Яғни, осы мәселелерді ескеру қажет...", - деді депутат.

Ал министр Марат Ахметжановтан нақты жауап болған жоқ.

"Әр деректі бөлек қарастыру керек. Біз - құқықтық мемлекетпіз, біз заңға негізделіп жұмыс істейтін боламыз", - деді ол.

Кейін Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері Ішкі істер министрлігі басшысынан журналистің ұсталуына қатысты жағдайды толығырақ түсіндіруді сұрады.

"Біз оны анықтауымыз керек. Оны төрт сағат немесе бір сағат ұстады ма, білмеймін. Әрбір дерек бойынша нақты қызметтік тексеру жүргізіледі. Егер бұл жалған айып болса, бұл адам да жауапқа тартылады", - деп түсіндірді Ахметжанов.