18 ақп, 2021 сағат 06:38

II Елизаветаның күйеуі Филипп ханзада ауруханаға түсті

Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның зайыбы ханзада Филипп ауруханаға түсті. Бұл туралы Букингем сарайы мәлім етті, деп хабарлайды Еuronews агенттігі.

«99 жастағы Эдинбург герцогы денсаулығы нашар болғандықтан Лондон ауруханасына жатқызылды. Ол «бірнеше күн бақылауда болып, демалу үшін» сол жерде қалады. Бұл сақтық шарасы емдеуші дәрігердің ұсынысы бойынша қабылданды» делінген сарай мәлімдемесінде. 

Бірқатар ақпарат көзі ханзаданың ауруханаға жатуының коронавирусқа қатысы жоқ екенін айтады. 

Жақында үйлену тойының 73 жылдығын атап өткен бұл жұп вакцинаның алғашқы дозасын қаңтарда алды. 

Препараттың атауы жария етілмеген.