09 жел, 2020 сағат 12:10

HRW: Қытай Шыңжаңда технология көмегімен мұсылмандарды жаппай аңдып, ұстаған

Базар қақпасынан кіріп келе жатқан әйелдер. Қақпаны сақшылар бақылап тұр. Қытай, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, 2019 жыл.

Қытай Шыңжаң аймағында технология көмегімен түркітілді мұсылмандарды жаппай аңдып, "қауіпті" деп танығандарын саяси лагерьлерге жіберіп отырған. Шыңжаңның Ақсу облысында сондай әдіспен жинақталған 2 мың адамның аты-жөні жазылған мәліметті зерттеген халықаралық Human Rights Watch ұйымы осылай деп тұжырым жасады. Бұл тізім Қытайдың мұсылмандарды қудалау үшін технологияны кеңінен қолданғанын дәлелдей түседі дейді ұйым өкілдері.

9 желтоқсанда жариялаған мақаласында адам құқығын қорғау ұйымы Integrated Joint Operations Platform (біріккен операциялар платформасы) атты бағдарлама Қытай билігіне мұсылмандарды ұстап қана қоймай, оларды "лагерьге қанша қамау қажеттігін де анықтауға" көмектесіп отырғанын жазған.

"Ақсу тізімі Қытайдың Шыңжаңдағы түркітілді мұсылмандарды технология көмегімен қудалау әдісін барынша аша түседі. Қытай үкіметі тізімдегі адамдардың отбасына жақындарын не үшін ұстағанын және қазір қайда отырғанын түсіндіруі тиіс" деді ұйымның Қытай бойынша зерттеушісі Мая Ванг.

Мақаладағы ақпаратқа сүйенсек, Human Rights Watch Шыңжаң тұрғындарын жаппай аңдуға мүмкіндік беретін ірі бағдарлама жайлы алғаш рет 2018 жылы ақпан айында хабарлаған. Бағдарлама биометрикалық деректің көмегімен "жүріс-тұрысы күмәнді" адамдарды белгілеп отырады. Ресми тұлғалар мәліметті "сараптай отырып", адамдарды саяси тәрбиелеу лагерьлеріне немесе өзге орындарға жіберіп отырған. 2019 жылы құрылғының жұмыс істеу механизмін зерттеген Human Rights Watch ешқандай заң бұзбаған адамдардың да оған ілінуі оңай екенін анықтаған.

HRW мақалада 2018 жылы құрастырылған Ақсу тізімінде "Ms.T" деп белгіленген адамды мысалға келтіреді. Ол "күмәнді елдермен байланыста болғаны үшін" ұсталған. Құжаттағы мәлімет бойынша, 2017 жылы оған шетелдік нөмірден төрт рет қоңырау шалынған. Онда телефон қоңырауларының неше минутқа созылғаны туралы да ақпарат бар. Human Rights Watch ұйымы ондағы көрсетілген шетелдік нөмір Ms.T-тің әпкесі екенін анықтаған.

​"Ақсу тізімін" зерттеген Human Rights Watch тізімдегі адамдардың басым бөлігі күнделікті заңға сай әрекеті үшін ұсталғанын атап өткен.

"Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды жаппай аңду және күшпен ұстау Қытай конституциясы мен халықаралық адам құқығы жөніндегі құжаттарға қайшы. Қытай конституциясының 37-бабына сәйкес, кез келген адамды ұстау үшін сот пен прокуратура рұқсаты керек" делінген мақалада.

HRW мақалада "Ақсу тізіміне" кеңірек тоқталып, Қытайдың аңду технологиясына шолу жасаған.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірді.

Құқық қорғаушылар мен ондай лагерьде болған азаматтар бұл орталықтардың білім беру мекемесінен гөрі түрмеге ұқсайтынын, онда отырған адамдарға қысым жасалатынын айтқан.