Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылыми дәреже қорғаушылардан диссертацияның қазақ тіліндегі нұсқасы неге талап етілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім және ғылым министрлігінің ақпарат алаңында диссертациялық кеңес жұмысындағы жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Саладағы тың өзгерістер туралы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова ақпарат берді. Ал министр Асхат Аймағамбетов енгізіліп жатқан өзгерістердің ішінде қазақ тіліне қатысты жаңа талап бар екенін жеткізді.
«Диссертациялық кеңес жұмысындағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтсақ, тағы да бір маңызды өзгеріс бар. Енді диссертациялыр қазақ тілінде де қолжетімді болуы керек. Бізде диссертациялар қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде қорғалады. Бұдан былай орыс және ағылшын тілінде қорғалған диссертациялар қазақ тілінде де қолжетімді болуы керек. Оны диссертациялық кеңестер жұмыс істеп жатқан тиісті ұйымдар қамтамасыз етуі қажет. Өйткені, бізге қазақ тілінде жазылған жаңа білімнің, жаңа диссертациялардың қолжетімді болғаны өте маңызды. Сондықтан осы маңызды шешімді қабылдадық», - деді ведомство басшысы.
Министр қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, диссертацияны онлайн режимде қорғау тетіктері де қарастырылғанын атап өтті.
«Жалпы өте үздік мақалалар жариялап, онысын диссертациялық кеңеске ұсынған адамдарға диссертацияны жазбай, осы мақалалар арқылы да ғылыми дәрежелерді қорғау мүмкіндігі жасалып отыр. Ол үшін диссертациялық кеңес тиісті шешім қабылдауы керек. Менің ойымша, оң өзгерістер көп. Осы оң өзгерістерге бейімделуіміз керек. Әрине, біраз мәселелер пайда болады. Қорғауға енді кіріскен үміткерлер қай норма бойынша дайындалуы керек деген сұрақтар туындауы мүмкін. Олардың бәріне жауапты уақтылы беріп отыруымыз керек. Өйткені 3-4 жыл бұрын түсіп, PhD-докторлығын енді ғана қорғауға шығып отырған әріптестеріміз бар. Осы мәселелердің бәрін уақтылы шешіп отыруларыңызды сұраймын», - деді Асхат Аймағамбетов.