16 ақп, 2024 сағат 16:36

Ғылымдағы әйелдердің үлесі


Фото: news.un.org


Қазақстан әйелдері жоғары білімді және олардың білім беру құрылымындағы үлесі айтарлықтай жоғары. Әйелдер қашанда игі істердің бастамашысы болып келеді. Әсіресе, әйелдердің ғылымға қосқан үлесі зор. Қазіргі қоғамдағы әйел мәртебе мен кәсіпке ие, оның жаңа құндылықтары мен қажеттіліктері бар, – деп хабарлайды Ult.kz.

 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ғылым кандидаттары мен докторларының саны екі есеге жуық өсті. Олардың арасында әйелдердің үлесі 52 пайызға жуықтады. Бір жарым мыңнан астам адам (1,7 мың) PhD дәрежесіне ие болса, олардың 53,5%-ы ханымдар. Еліміздегі жоғары оқу орындарында 58 пайызын әйелдер құрайды. Қай уақытта да жеке тұлғаның да, мемлекеттің де қалыптасуында әйелдер маңызды рөл атқарды.

 

Осыған орай елімізде ғылымның дамуында және еліміздің барлық салаларында әйел ғалымдардың рөлін айқындайтын «Қазақстанның ғалым әйелдері» атты энциклопедия да жарық көрген.  Энциклопедия өмір бойы «ғылым мен білімге» қызмет еткен қазақтың көрнекті зерттеушілері ұмытылмас үшін дайындалған.

 

Әйелдердің ғылымдағы рөлі зор. Бұл салада әйелдердің әлеуеті зор және ғылымды дамытудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Әрине, қоғамның негізі – білім мен ғылым озық идеялардың ұйытқысы болуы керек. Қазақстанның ғалым әйелдерінің міндеті – жастар арасында отбасы тәрбиесіне басымдық беру.

 

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының ұйғарымымен 11 ақпанда ғылымдағы әйелдер күні аталып өтіледі.  Әлемдегі ғалымдар арасында әйелдердің үлесі 33,3% құрайды. ЮНЕСКО ұйымының пікірінше, ғылымдағы гендерлік теңсіздіктің себебі қоғамда қалыптасқан әртүрлі әлеуметтік және мәдени стереотиптер болып табылады. Мысалы, кейбір салаларды тек еркектерге (математика, физика, инженерия) немесе әйелдерге (өнер, білім беру) бөлу сияқты архаикалық идеялар әлі де бар және әйелдер өз мансабының есебінен бала тәрбиелеуді бірінші орынға қояды. Бұл ұғым аймаққа байланысты деңгейі өзгергенімен, әлемнің барлық елдерінде кездеседі.

 

Ал Қазақстандағы ғалымдардың 50 пайыздан астамы әйелдер, олар елімізде отандық ғылымды дамытып, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған. Посткеңестік елдердің статистикасына үңілмесеңіз, Қазақстан ғылымдағы әйелдер саны бойынша 52% (өткен жылғы көрсеткіш) үшінші орында тұр. Бірінші орында 59 пайызбен Әзірбайжан, екінші орында 52,7 пайызбен Грузия тұр. Ғылымдағы әйелдер саны бойынша Ресей (39,2%) мен Тәжікстан (38,4%) тізімде соңғы орында тұр.

 

Жоғарыда айтқанымыздай, бүкіл саналы ғұмырын елімізде ғылымды дамытуға арнап, оның Қазақстандағы көшбасшылардың үштігіне енуіне үлес қосқан кейбір әйелдерге тоқталайық.

 

Мәриям Алмарданова – қазақтың ұлттық сүт өнімдерін биотехнологиялық әзірлеуші;
Алмагүл Мұзғыбаева – балалардағы созылмалы гастритті диагностикалау әдістемесінің авторы;
Мәдина Сәрсенова – құрылыс материалдарын қайта өңдеу арқылы суды тазартудың инновациялық әдісінің авторы.

 

Соңғы жылдары ғалым Күнсұлу Зәкәрияның есімі жиі аталып жүр. Оның есімі, әсіресе, коронавирустық пандемия елде болған кезде кеңінен танымал болды. Қазақстандағы маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі, яғни биолог Күнсұлу Закария бастаған бір топ ғалымдар QazVac вакцинасын жасап шығарды. Бұл жаңалық ғылым саласындағы үлкен жетістіктердің бірі ғана емес, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды. Жалпы, әлемде де, Қазақстанда да коронавирустық індет кең тараған кезде ғылымға ерекше көңіл бөлу керегін жақсы түсінді. Сондықтан бүгінде елімізде ғылымға бөлінетін гранттар көбейіп, ғалымдарды қолдау шаралары күшейтілгенін айта кеткен жөн.

 

Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ғылымда әйелдер мен қыздар неғұрлым көп болса, ғылым саласы да соғұрлым жақсы дамитынын айтты. Ол «Әйелдер мен қыздар ғылыми жұмыс күшін кеңейтіп, ғылым мен технология саласын жаңа перспективалармен байытып, зерттеу саласына әртүрлілік әкеледі» деген пікірін білдірген болатын.

 

Сонымен қатар, Бас хатшы ғылымдағы әйелдердің құқықтарын қорғауға және таптаурын, жаңсақ пікірлер мен кедергілерді жоюға шақырды. Өйткені, ғалымдардың айтуынша, ғылыми жаңалықтар ашу үшін 100 пайыз ғылымға арнау керек. Бірақ мұны істеу әйелдерге қиынырақ, өйткені әйел бала туып, бала бағумен, үй шаруасымен айналысады. Бұл да маңызды шаруа.

 

Профессор, доктор Жанар Темірбекова қазақстандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында әр салада гендерлік теңсіздікті жою үшін елде әйел басшылар көп болуы керек дейді.

 

«Біз шешім қабылдайтын әйелдердің санын көбейтуіміз керек. Кәсіпорындарға немесе мемлекетке қатысты шешімдер қабылданатын басқару деңгейінде әйелдер неғұрлым көп болса, соғұрлым әйелдер мәселесі күн тәртібінде болады», - дейді ол.

 

Жалпы дәстүр бойынша ғалымдардың ғылымға қосқан үлесі жарияланымдар санымен бағаланады. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл әрдайым бола бермейді.

 

Қазақстанда әйелдердің ғылым саласына қатысуын арттыру бойынша қабылданған шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтуге болады. Бұған статистикалық көрсеткіштер дәлел. Бүгінгі таңда соңғы мәліметтер бойынша еліміздегі ғалымдардың 54 пайызы әйелдер. Бұл жаман көрсеткіш емес.