Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
"Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. "Ғалымның хаты өлмейді" деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр", - деді ол кездесуде.
Президенттің айтуынша, қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ.
"Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда", - деді Тоқаев.
Оның сөзінше, қазір "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады. Сондай-ақ президент ғылымға бөлінетін қаржы туралы айтты.
"Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын", - деді ол.
Тоқаев шетелге сапарлары кезінде ғалымдармен жиі кездесетінін, оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақыратынын айтты.
"Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз.
"Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек. Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз", - деді ол.
"Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет. Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз", - деді Тоқаев.