көрнекі сурет
Елімізде Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Жуықта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғару оқу орындарының филиалдары ашу басталды.
Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр», - деді Президент.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет.
«Соның өзінде оның екеуі техникалық бағдарланған болуы керек. Қайталап айтамын, техникалық бағдарланған оқу орындарының филиалын елдің батысында ашу керек.
Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру қажет. Инженерлер мен өнеркәсіп өкілдерінің жаңа буынын өсіріп шығару қажет болып тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
