19 сәу, 2023 сағат 17:43

Гүлмира Сатыбалды өзін айыптаған Алагөзов туралы айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Гүлмира Сатыбалды өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзовпен қандай қарым-қатынаста болғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni сайты.

«2021 жылы маған бұрынғы күйеуім (Қайрат Сатыбалды – авт.) хабарласып, Алагөзовтің компанияның негізін қалаушы болғанын айтып, оның атынан өтініш жасады. Оны басқарушы ретінде қабылдау керек екенін айтты. Сондай-ақ оның акцияның кей бөлігін кейін сатып алатынын жеткізді. Араларында қандай келісім болғанын білмеймін. Қайрат Тұрсенғали Алагөзов акционерлік қоғамын (АҚ) тартып алды деп шағымданғаны туралы ешқашан айтқан емес. Керісінше Алагөзов мені «құтқарушы» деп атады. Ол маған өте риза болды», - деді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, басқарушы қызметке келген соң Алагөзов АҚ-ға ақша салмай, қаражатты жарата бастаған.

«АҚ басшы мен басқарушысыз қалды. Ал Алагөзов сол кезде шетелде ұялмай-қызмармай жаңа әйелімен бірге демалыста жүрді. Компанияда әлеуметтік шиеленіс күшейді: қызметкерлерге жалақы төленбеді. Ал Алагөзов сол уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) демалып, жеке өмірін Instagram желісінде жариялап отырды. Қауіпсіздік қызметі кезекті рет маған хабарласып, қызметкерлердің ереуілге шыққанын хабарлады. Сол кезде Алагөзовке хабарласып, әдемі өмірін көрсеткен желідегі фотосын алып тастауды сұрадым», - деді ол сотта.

Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды Тұрсенғали Алагөзовтің компаниясын тартып алмағанын айтқан еді.

Еске салайық, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.