24 сәу, 2020 сағат 21:56

Грузия Украинаның Саакашвилиге қызмет ұсынғанына наразы

Грузия үкіметі Украинаның Михаил Саакашвилиге қызмет ұсынуына наразылық білдіріп, бұл екі елдің қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін деп мәлімдеді. 

Грузияның премьер-министрі Георгий Гахария 24 сәуірде туған жерінде "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталып, іздеу жарияланған адамға Украинаның жоғары қызмет ұсынуы "ақылға қонбайтын әрекет" деді. 

Ал Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының бұрынғы басшысы Михаил Саакашвили Украина премьер-министрінің реформа жөніндегі орынбасары болуға келісті. Бұл туралы украиналық "Слуга народа" партиясы өкілдерімен кездесу кезінде Саакашвилидің өзі айтты. 

Саакашвилидің сөзіне қарағанда, ол өзге мәселелермен қатар Халықаралық валюта қорымен байланыс мәселесіне жауапты болады. Грузияның бұрынғы президенті ел экономикалық дағдарысқа ұшыраған кезде үкіметпен жұмысты нығайтуға күш салатынын айтты. 

"Украина экономикасын құтқарып қана қоймай, әрбір отбасына дағдарыстың ықпалын азайту үшін ерекше қадамдар жасауға тура келеді" деді Саакашвили журналистерге. Ол Радада өзінің бағдарламасын таныстыруға уәде берді. 

Саакашвилидің кандидатурасын Украина парламенті мақұлдауы тиіс. Дауыс беру айдың соңына дейін өтуі мүмкін. "Слуга народа" партиясының өкілдері бұл мәселе бойынша фракцияда әзірге ортақ шешім жоқ екенін айтты. 

Дипломаттар сөзіне сүйенген ақпарат құралдарының жазуынша, Грузия Украинадағы елшісі Теймураз Шарашенидзені елге қайтарған. 

22 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленскийдің Михаил Саакашвилиге вице-премьер қызметін ұсынғаны туралы белгілі болған еді. 

2015 жылы Саакашвили Украина азаматтығын алып, сол кездегі президент Петр Порошенконың жарлығымен Одесса облысының басшылығына тағайындалған болатын. Осыдан кейін Грузия «қос азаматтыққа жол берілмейді» деген уәжбен Саакашвилиді Грузия азаматтығынан айырды.

Порошенко пен Саакашвили қатынасы 2016 жылы жемқорлықпен күрес және реформа жасау туралы бастамалардан кейін бұзылып, қараша айында Саакашвили қызметінен босатылды. 2017 жылы шілде айында Саакашвили «Жаңа күштер рухы» (украин тілінде: Рух нових сил – ред.) деп аталатын оппозициялық партия құрған соң Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылған.

Былтыр мамыр айында Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский Саакашвилиге Украина азаматтығын қайтарып берген.