22 қар, 2017 сағат 10:14

Грузия 25 жыл болған қарызын Қазақстанға қашан қайтарады?..

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының алдындағы Грузия Үкiметiнiң берешегін қайта құрылымдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған заң жобасын халық қалаулыларына ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды.

«Грузия Үкiметiнiң Қазақстан Үкіметінің алдындағы борышы 27 млн 774 мың АҚШ долларын құрайды. Ол 1992-1993 жылдары екі елдің ұлттық банктері арасында өзара есеп айырысу нәтижесінде пайда болды, әрі мемлекеттік несие ретінде қайта рәсімделді. Қайтадан қайта құрылымдау туралы келісімге сәйкес, Грузин тарапы Қазақстан алдындағы берешегін тиісті шарттар бойынша өтейді», - деді ол.

Министрдің айутынша, пайыздық мөлшерлеме жылдық 4 пайыздық деңгейде сақталады.

«Берешекті өтеу кестесі мерзімін өткізгені үшін жиналған өсімпұлды есепке алмайды және Париж клубы ұсыныстарына сәйкес ұзартылады. Осылайша, 2017 жылғы Келісімге сәйкес 2017-2025 жылдардағы кезеңге Грузия тарапының төлемдер сомасы 37 млн 997 мың 815 АҚШ долларын құрайды», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар депутаттар министрден аталған заң жобасында Грузияның берешегі неге 8 жылға дейін ұзартылғанын түсіндіруді сұрады.

«Әрине, бұл берешек бұрында төленетін еді. Бірақ Грузияның экономикасында біраз қиыншылықтар болғаннан кейін, олардың тарапынан осындай ұсыныстар келді. Париж клубының ұсыныстарының негізінде аталған мәселелер қаралды. Барлық қарыз алушылар өзінің берешегін төлеу кезінде жеңілдіктер беруді сұрайды. Сол жеңілдіктің бірі келісім шартқа сәйкес, қарызды қайтару мерзімін 8 жылға ұзарту қарастырылған. Бірақ 8 жылдың ішінде қарыздың нақты сомасы көрсетілген. Берешек осы уақыт аралығында төленеді», - деді ол.

Талқылаулардан кейін депутаттары аталған заң жобасын мақұлдады.