Грузияның "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" оппозициялық альянсы елдің бұрынғы президенті, қазір Украинада жүрген Михаил Саакашвили кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынды. Бұған дейін Грузия билігі Саакашвилиді елді басқарып тұрған кезде "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптап, сырттай соттаған болатын.
"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" ұйымының жетекшісі Григол Вашадзе осы аптада Саакашвили Тбилисиге келгеннен кейін бар мән-жайды өзі түсіндіреді деді.
"Саакашвили халықпен бетпе-бет кездесуі керек" деді Вашадзе.
Грузияның бұрынғы президенті Facebook желісінде оппозициядан ұсыныс түскенін растап, ұсынысты қабылдағанын хабарлады. 31 қазанда өтетін парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетсе, Саакашвили премьер-министр болмақ. Дегенмен Саакашвили "Грузия еңсеруі тиіс терең дағдарыстан шыққанша" яғни, жағдай тұрақталғанға дейін ғана қызметте отыруға келісім берген. Ол әлеуметтік желіде Тбилисиге сапары туралы ештеңе айтпаған.
Ал оппозицияның мәлімдемесіне реакция білдірген Грузияның қазіргі премьер-министрі Георгий Гахария "Келсін. Елдің тұрақтылығына ешкім ықпал ете алмайды деп уәде берген еді ғой" деген.
Тамыз айында Грузияның әділет министрі Тея Цулукиани Саакашвилиді шекарадан өткен кезде-ақ ұстайды деп айтқан еді. Грузияның бұрынғы басшысы өзін саяси себептермен қудалап жатыр деп есептейді.
Саакашвили 2008 жылдың қаңтарынан бастап 2013 жылдың қарашасына дейін Грузияны басқарған. Ол елді басқарып тұрған кезде Грузия НАТО мен ЕО-ға мүше болуға ұмтылды, Ресеймен қарым-қатынас нашарлап, қарулы қақтығыстар болып тұрды. Елде экономикалық реформа жүргізіліп, соның арқасында жемқорлық азайған. Халықтың табысы өсіп, экономика 70 пайызға ұлғайған.
Дегенмен Грузияның өз ішінде оны саяси қарсыластарын қудалады және наразыларды күшпен таратты деп айыптайды.
Президент өкілетін аяқтап, билікке оппозиция келген соң Саакашвили Америкаға кеткен. Жаңа грузин билігі оны "жемқорлық жасады", "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыптады. Кейінірек сырттай алты жылға бас бостандығынан айырды.
2014 жылы Украинадағы революциядан кейін Саакашвили Киевке көшіп келіп, Украина азаматтығын алды. 2015 жылы мамыр айында сол кездегі Украина президенті Петр Порошенко оны Одесса облысының губернаторы қылып тағайындады.
Бір жарым жылдан соң Порошенко айналасындағы шенеуніктермен тіл табыса алмаған соң Саакашвили отставкаға жіберілді, оппозицияға кетіп, "Рух новых сил" атты жаңа партия құрды. 2017 жылы шілде айында Порошенко оны Украина азаматтығынан айырды. ІІМ оны "шет мемлекетке құпия ақпарат тасыды", "жемқорлық жасады" деп айыптады.
Осыдан соң Саакашвили Нидерландыға көшіп кетті. 2019 жылы көктемде президент болып сайланған Владимир Зеленский оның азаматтығын қайтарып, реформа жөніндегі атқару комитетінің жетекшісі қылып тағайындады.