Грекияның Лесбос аралында босқындар тұратын лагерь өртеніп кетті. Бұған дейін, сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні болған бірінші өрт кезінде лагерь қатты зардап шеккен еді. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.
Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ, алайда кейбір мигранттар иіс тиіп уланған. Бастапқыда 3 мың адамға есептелген лагерьде 13 мыңға жуық адам тұрған. Бұл – 70 елдің мигранттары, көбі ауғандық азаматтар болған. Бұған дейін Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис болған оқиғада босқындардың өздерін кінәлаған.
Оның айтуынша, олар 35 мигранттан коронавирус анықталған соң, үлкен агрессияға жол берген. Ел билігі ауруға шалдығып, карантиннен қашып кетпек болған барлық мигранттарды ұстағанын айтты.
Өрттен кейін босқындарға лагерь аумағынан кетуге рұқсат етілді, алайда полиция олардың көршілес елді мекендерге кіруін болдырмау үшін жолдарды жауып тастады. Мыңдаған адам панасыз қалған. Ел билігі оларға уақытша баспана іздеп жүр. Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас болған оқиғаны гуманитарлық апат деп атап, Твиттерде босқындарды оларды қабылдауға дайын болған ЕО елдеріне үлестіру қажеттілігі туралы жазды. Келіп жатқан хабарламаларға сәйкес, көршілес кенттің тұрғындары босқындарды өздерінің елді мекенінен ары қарай өткізбейді.
БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы босқындар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қатынастың шиеленісуі жайында білетінін мәлімдеді. «Біз барлығын сабырлылық танытуға және лагерьде болғандардың барлығын уақытша шешім табылмайынша өз орындарында қалуын сұраймыз», - делінген басқарма мәлімдемесінде.
Аралдың өрт сөндіру бөлімінің бастығы Константинос Теофилопулос өрт сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні бірден үш жерде болғанын жеткізді.
Оның айтуынша, мигранттар өрт сөндірушілерге жалынды сөндіруге кедергі келтірген. Жалын сәрсенбі таңына қарай сөндірілді.
Тергеушілер әдейі өртеп жіберу нұсқасын да қарастырып отыр, бірақ бұған айғақ дәлел жоқ.