Фото: ашық дереккөз
Гонконгтағы тұрғын үй кешенінде болған ірі өрт салдарынан қаза тапқандар саны 146 адамға жетті. Бұл туралы тергеушілер өртенген ғимараттарды қайта қарау кезінде жаңа мәйіттерді анықтаған соң хабарланды, деп жазады Ult.kz.
Полицияның төтенше жағдай құрбандарын анықтау бөлімінің офицері Чэн Ка-чунның айтуынша, мамандар Ван Фук сот кешенінің ғимараттарын мұқият тексеріп, мәйіттерді пәтерлерден де, шатырлардан да тапқан. Қазіргі уақытта жеті блоктың төртеуі ғана толық зерттелген.
Полиция өкілі Цанг Шук-инь соңғы іздеу жұмыстары барысында қосымша 30 адамның денесі табылғанын мәлімдеді. Оның ішінде өрт сөндірушілер бұрын анықтаған, бірақ таба алмаған 12 мәйіт бар.
Жалпы, 100-ге жуық адам із-түзсіз жоғалған, ал 79 тұрғын жарақат алған.
Оқиға орнында адамдар гүл қойып, дұға жасап, қолмен жазылған тілектер қалдыруда.
Ван Фук Court кешеніндегі сегіз ғимарат өртке дейін жөндеу жұмыстары үшін бамбуктан жасалған құрылыс ормандарымен қоршалған. Олардың нейлон торлармен қапталуы өрттің жылдам таралуына себеп болғаны айтылуда.
Билік өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылған-бұзылмағанын тексеріп жатыр. Осы жағдайдан кейін Гонконг әкімшілігі бір мердігер — Prestige Construction + Engineering компаниясына тиесілі 28 құрылыс жобасының жұмысын дереу тоқтату туралы бұйрық шығарды.
Еске салсақ, өрт 2025 жылғы 26 қарашада Ванг Фук Court тұрғын үйінде тұтанған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, жалын өте тез тараған — оған жөндеу кезінде қолданылатын ағаш-бамбуктан жасалған құрылыс қаңқалары тікелей әсер еткен.
Бұған дейін өртте қаза тапқан әр адамның отбасына 200 мың гонконг доллары берілетінін жазғанбыз.
