Германия канцлері Ангела Меркель елде карантин режимі жеңілдетілетінін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Германия канцлері Ангела Меркель федералды аймақтар басшыларымен кездесуде коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты енгізілген карантиндік шектеу шараларын біртіндеп жеңілдету керек екенін айтты. Осы жылдың 20 сәуірінен бастап әлеуметтік қашықтықтың барлық шараларын сақтай отырып, ауданы 800 шаршы метрге дейінгі дүкендер жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар кітап дүкендері, автодиллерлер мен велосипед сататын дүкендер жұмысын қайта бастайды. Егер сәуір айының соңына дейін эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, онда 4 мамырдан бастап шаштараздар мен мектептер ашылады», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының Telegram-каналында.
Алайда, мейрамханалар, қонақүйлер, фитнес-клубтар мен кинотеатрлар әзірге ашылмайды. Бұқаралық шараларды өткізуге де рұқсат берілмейді.
Германия канцлері ел толыққанды қалыпты өмірге тек бірнеше апта немесе айлардан кейін ғана қайта орала алатынын айтты.