Фото: aqshamnews.kz
Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, бұл – бүкіл қоғамның рухани ахуалының айнасы. Соңғы жылдары жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігі артып барады дейді мамандар. Бұл – дабыл қағатын, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін өзекті мәселе. Статистикаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында "өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу" дерегі бойынша 453 факті тіркелген. Соның ішінде 45,4 пайызы, яғни 148 адам өмірден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсе түскені байқалады. Осы орайда Ult.kz тілшісі Астанадағы «Әл-Фараби» мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахметпен аз-кем әңгімелесті.
Фото: Ғазиз Ахметтің жеке мұрағатынан
Ислам дінінде суицидке қалай қарайды? Бұл әрекетке діни тұрғыдан қандай баға беріледі?
Дінімізде суицидті "интихар" деп атайды. Ол – өз-өзіне қол жұмсау деген мағына береді. Адамның өзіне қиянат жасауы – тыйым салынған арам істерден саналады. Себебі адамның жаны – аманат, оны қиып жіберу үлкен зұлымдық. Құранда "Өздеріңді өлтірмеңдер, Алла сендерге мейірімді" делінген (Ниса сүресі 29).
Сондықтан қандай ауыртпашылық болмасын, оған адам шыдауға міндеттелген, шектен шықпауы тиіс.
Бүгінгі жастардың рухани дағдарысқа түсу себептері неде деп ойлайсыз?
Қазіргі таңда жастардың дағдарысқа түсуінің бір себебі – отбасында тәрбиенің дұрыс берілмеуінен. Біз балалардың қарнының тоқ болуына, көйлегінің көк болуына мән беріп, өзгенің баласынан кем болмасын деп, барымызды салып жатырмыз. Алайда мұның бәрі сыртқы келбетке ғана қатысты. Рухани құндылықтар ескерілмей қалып жатыр. Ең үлкен бір себебі де осы. Қалағанына оңай қол жеткізіп жатқан баланың дегені болмай қалса, ата-анасына қарсы шығуы мен өзіне қол жұмсап жатыр. Сондықтан тәрбие бірінші орында болуы шарт.
Жастардың өмірлік мән-мағына іздеуінде дін қандай рөл атқарады?
Өмірдің мән-мағынасы білінуі үшін әуелі адал мен арам, жақсы мен жаман, ақ пен қараны ажырата білу керек. Мейірім-махаббатты сезіндіріп, адамгершіліктен аттамауды, ата-ананы сыйлауды негізгі құндылық деп үйрету қажет. Әйтпесе жастардың шектен тыс кетуі әбден мүмкін.
Рухани қолдау мен діни тәрбие жастарды суицидтен қалай сақтай алады?
Рухани қолдау мен діни тәрбие ең әуелі маңызды істерге ден қояды. Олар құдайдың көріп тұрғанын сезінуге, ата-ана ең қадірлі адам екеніне, біреудің ақысына кіруге болмайтындығына тәрбиелейді. Әрі өмір бұл дүниемен аяқталмайды, ақыреттік өмірдің де бар екендігіне үгіттейді. Адам қиындыққа шыдамай өзіне қол жұмсап құтылып кете алмайды. Алланың алдына барып есеп береді. Сондықтан суицид жасау құтылу жолы еместігін жолға қояды.
Жастар арасында үміт пен сенімді ояту үшін қандай діни насихаттар мен тәсілдер тиімді?
Үміт пен сенім – тыныштықта болады. Жастарымызды болашақтан үмітті, өзіне сенімді етіп тәрбиелеу керек. Болмашы саяси нәрселерді айтып баланың үмітін үзбей керісінше сенімді болашаққа тәрбиелеу маңызды. Адамдар арасында "қазір танысың болмаса, ақшаң болмаса немесе артыңда көкең тұрмаса ештеңе істей алмайсың" деген секілді кері пікірлер жайылып жүр. Бұл пікір жастардың еңсесін түсіреді. Өзіне, ақылы мен еңбегіне сенуді үйрету жастардың жарқын болашағына себепші болады. "Талаптыға нұр жауар" деп Аллаға тәуекел етіп іске кірісуге талпындыру міндетті.
Отбасы мен қоғам рухани тәрбие беруде нені ескеруі керек деп ойлайсыз?
Отбасынан алған тәрбие қоғамда нәтижесін көрсетеді. "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген дөп басып айтылған мақал. Алайда отбасында ата-ана тәрбие бергені секілді, қоғамда да реттеуші кісілер болуы тиіс. Бұрын ақсақалдар мен әжелер дұрысын айтып, "тәйт!" деп реттеп отырған. Бәлкім осы істі жалғастыру керек? Себебі жастар үлкеннен именеді. Қоғамда үлкендердің рөлі өте жоғары.
Қазір кейбір үлкендеріміз "Біздің кезімізде былай еді" деп аңсап отырады. Бірақ ол іс бұл кісілердің емес, сол кездің үлкендерінің жасаған істері екенін білмейді. Қазіргі уақыт соны айтып отырған кісілеріміздің шағы осыны ескерген жөн.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
