Сұйытылған мұнай газын сататын кәсіпкерлер бұған дейін де бағаны өз еріктерімен түсірген болатын. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдың соңында көтерме саудада байқағанымыз, солтүстік, батыс және оңтүстік Қазақстан сияқты макроөңірлерде бағаның төмендеуі байқалды. Сондықтан бір жұма бұрын бізге тиісті өңірлік аумақтық департаментке тапсырма бердік. Сол бойынша бүкіл Қазақстандағы газ өткізетін кәсіпкерлерді жинап, консультация өткізіп, жылдың соңына көтерме саудада бағаның түсуіне байланысты нарық субьектілері газ бағасын өз еркімен төмендетті. Шамамен 5 теңгеден 15 теңгеге дейін... Агенттік бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады», - деді агенттік өкілі.