27 сәу, 2018 сағат 10:27

Ғасыр кездесуі. Қос Корея басшысы шекара тұсында қауышты (фото, видео)

Жұма күні таңертең Солтүстік Кореяның (КХДР) басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инмен кездесу үшін Пханмунджомда шекарасын кесіп өтті. Дәл осы жерде 1953 жылы 27 шілдеде Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы бітімгершілік туралы келісімге қол қойылды. Осылайша ол 1950-1953 жылдары болған Корея соғысынан кейін Оңтүстік Кореяның шекарасына аяғын аттап басқан КХДР-дың алғашқы көшбасшысы болды, деп хабарлайды Рёнхап агенттігі. 

КХДР мен Оңтүстік Корея лидерлері Ким Чен Ын мен Мун Чжэ Ин екі ел арасындағы демаркациялық сызықта орналасқан Пханмунджом пунктінде кездесіп, қол алысты. Кейін қос ел басшылары суретке түсіп, корейаралық саммит басталған ғимаратқа кірді, деп жазады РИА Новости. Бұл туралы sputniknews.kz жазды.

Ким Чен Ын Солтүстік Корея делегациясы келіссөздерге бейбітшілік пен гүлдену жолындағы жаңа тарихты бастау үшін келгенін айтты. Осы орайда Мун Чжэ Ин әріптесін уағдаластықтарға қол жеткізуге шақырды.

"Егер біз шынайы диалог жүргізсек, бейбітшілікке ұмтылған ұлтымыз бен барша адамзатқа үлкен сый жасаймыз", — деді ол. 

"Біздің төрағамыз Ким тарихта алғаш рет әскери-демаркациялық сызықты кесіп өтті. Дәл осы сәтте Пханмунджом бөліну символы емес, бейбітшілік символына айналды", — деп қосты Оңтүстік Корея лидері. 

Келіссөздердің бірінші кезеңінен кейін Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің өкілі мәлімдегендей, Ким Чен Ын оңтүстіккореялық әріптесіне жиі кездесіп тұруды ұсынған. 

Бүгін қос мемлекет басшылары Солтүстік пен Оңтүстіктің қарым-қатынасын жақсарту және қайта бірігу перспективаларын талқылайды. 

Айта кетсек, Ким Чен Ын соңғы 65 жылда Оңтүстік Корея жеріне аяқ басқан КХДР-дың алғашқы басшысы болып отыр.