Қарағанды облысында адам атып өлтіру күдігімен 4 адам ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР ІІМ кримиалдық полициясы мен Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері осы жылдың мамыр айында Атасу елді мекеніндегі өз үйінің ауласында оқ жарақатымен табылған Жаңарқа ауданының тұрғыны Ғалы Бақтыбаевты өлтіру қылмысын ашты. Аса ауыр қылмысты ашу үшін Ішкі істер министрінің тапсырмасымен ІІМ криминалдық полициясы мен облыстық полиция департаментінің тәжірибеліқызметкерлерінен жасақталған жедел тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдердің тергеу шаралары барысында зардап шегушінің үйінен қаза тапқан азаматтың түрлі мемлекеттік органдарға шағымдармен бірнеше рет жүгінген құжаттары зерделенді», - деді ведомстводан.
Министрліктің атап өтуінше, адам өлтіру фактісінің түрлі себептері тексеріліп, сәйкесінше сараптамалар жүргізілген. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздеу және тергеу шараларының нәтижесінде 4 жергілікті тұрғын ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған, төртіншісі бұрын полиция қызметкері болғаны анықталды.
«Ұсталғандар кісі өлтіру нашар қарым-қатынас салдарынан болғанын мойындап отыр. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Заттай айғақ ретінде қару тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр», - делінген таратылған ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде атып өлтірілген ер адамның денесі табылғанын хабарлаған едік.