26 нау, 2020 сағат 22:34

Футзал: Қазақстандық қақпашы әлемнің үздігі атанды

Футзалдан Қазақстан құрамасы мен Алматының «Қайрат» командасының қақпашысы Игита (Леонардо де Мело Виейра Лейте) әлемнің үздік қақпашысы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.

«Futsal Planet Awards» тұрақты түрде әлемдік футзалдағы үздіктерді анықтайды. Биыл бұл шараға барлығы 244 респондент қатысты. Қазақстандық қақпашы 693 балл жинады. Ол испандық «Барселона» қақпашысы Хуана Хосе Ангосто Эрнандес «Хуанхо» мен Португалияның «Спортинг» клубының бразилиялық қақпашысы Тиаго Мендеса Рочуды артта қалдырды. 

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшы бұл атаққа төртінше мәрте қол жеткізіп отыр. Ол бұған дейін 2015, 2016 және 2018 жылдары сондай сенімге ие болды. 

Ал футзалдан Қазақстан құрамасы мен Алматының «Қайрат» командасының бас бапкері Кака (Пауло Рикардо Фигуэра Силва) әріптестері арасында үздік үштікке ілікті.