27 қаң, 2021 сағат 14:21

«Фукусима-1» атом электр станциясында аса қауіпті радиациялық аумақ анықталды

«Фукусима-1» атом электр станциясының зардап шеккен үш энергоблоктарының жоғары бөлігінде радиациялық белсенділігі аса жоғары аумақ анықталды. Бұл туралы Атом энергетикасын бақылау мемлекеттік комитетінің сәрсенбі күнгі бекітілген баяндамасында айтылды, деп хабарлайды Кyodo агенттігі.

Баяндамада 2011 жылдың наурызындағы апат кезінде тасталған цезий изотропының оннан бір бөлігі жиналып қалғандығы атап көрсетілген. 

Аса жоғары радиобелсенділік ошақтары бүлінген реакторлардың корпусын жауып тұратын үш темірбетон қалпақ маңындағы үш энергоблокта орналасқан. Ол жердегі сәулелену дәрежесі сағатына бірнеше зиверт болғандықтан, адамды небәрі бірнеше сағат ішінде өлтіріп жіберуі мүмкін. Сондай-ақ бұл жағдай атом станциясын бөлшектеу жұмысын баяулатады. 

2011 жылдың наурызында «Фукусима-1» АЭС-те цунами салдарынан энергожабдықтау және суыту жүйелері істен шығып, үш реакторда ядролық отын балқыды, соның салдарынан сутек атылып, атмосфераға радиация тарады. Жақын маңдағы елді мекендер ластанып, 165 мың адам эвакуацияланған болатын. Қазіргі күні бұл аудан айтарлықтай тазартылған, тұрғындардың көп бөлігі мекеніне қайта оралды. 

Қазір АЭС-те тарату жұмыстары жүріп жатыр, станцияны қалпына келтіру үшін кем дегенде 40 жыл қажет.