08 там, 2017 сағат 18:21

Франциялық «Danone» компаниясы шұбатты зерттеп жатыр

Франциядағы сүт өнімдерінің бірсыпыра түрін өндіретін «Danone» компаниясы лабороторияларында шұбатты зерттеу үстінде. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Етьен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жақта айран, шұбат және қымызды көптеп тұтынатынын білемін. Мен осы өнімдерді бір жолға қоя білсе, зор табысқа кенелуге болатынына сенімдімін. Себебі, шұбат өте керемет сусын. Айранның да дәмі ерекше. Ал мен мәселен, қымызды жақсы көремін. Француздар қымыздың дәміне үйренген жоқ. Өнімге сұранысты арттыру үшін француздарды қымызға үйрету керек! Өткенде Шығыс Қазақстанға барғанымда маған қымыз ұсынды. Қызығып кеткенім соншалық, екі литрін өзіммен ала келдім», - дейді елші.

Франсис Етьеннің айтуынша, Қазақстанда шетелдік нарыққа ұсынуға тұрарлық сусындар бар. Оның сөзіне сенсек, шұбат депрессияда жүргендерді жаза алатын таптырмас сусын екен.

«Danone» қазіргі уақытта шұбатты зерттеп жатыр. Ең бастысы, қайталап айтарым - француздарға бұл жақтағы өнімдердің дәміне үйрету керек! Егер нарықта сұранысқа ие болуына бірлесе күш салсақ, шұбатты Францияда өндіруге болады», - деп түйді Франсис Етьен.