22 қар, 2017 сағат 10:32

Францияда ресейлік миллиардер-сенатор Сулейман Керимов ұсталды

Францияда Ресей Федерация кеңесінің Дағыстаннан сайланған депутаты Сулейман Керимов ұсталды, деп хабарлайды осы елдегі Ресей елшілігінің өкіліне сілтеме жасаған ТАСС агенттігі. Депутат 20 қараша күні кешке Ницца қаласының әуежайында ұсталған.

Ресей прокуратурасының өкілі Reuters агенттігіне Керимов "салық төлемеді" деген күдікке ілінгенін айтқан.

Биыл ақпанда полиция Францияның оңтүстігіндегі аумағы 12 мың шаршы метр болатын Hier вилласын тінткен. Жергілікті Nice-Martin басылымы Hier мен тағы бірнеше қымбат нысанның Керимовке қатысы барын жазды.

Құжат бойынша, бұл вилланың иесі швейцар қаржыгері Александр Штудхальтер саналады, бірақ полиция қаржыгер бұл жылжымайтын мүліктің шын иесін "жасырып отыр" деп күдіктенеді.

Сулейман Керимов Федерация кеңесінің 2008 жылдан бері депутаты. 2016 жылы ол "Ресейдегі ең бай 200 бизнесмен" рейтингісінде 1,6 миллиард доллар байлықпен 45-орынды иеленген.