29 ақп, 2020 сағат 23:17

Францияда коронавирусқа байланысты көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды

Франция 5 мыңнан астам адам қатысатын іс-шараларды өткізуге тыйым салды. Бұл қадам коронавирустың таралуына жол бермес үшін жасалып отыр, деп хабарлайды France24.

Елдің денсаулық сақтау министрі Оливье Веран сенбі күні үкімет отырысынан кейін осылай деп мәлімдеді. 

«Бүкіл елде жабық ғимараттағы 5 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиындар кейінгі қалдырылады. Ашық аспан астындағы шаралар да өтпейді. Ол жағдайда әртүрлі ауданда тұратын адамдар бір-бірімен араласып, вирус таралуы мүмкін», - деді денсаулық сақтау министрі. 

Оливье Веран сондай-ақ, халыққа бір-бірімен қол алыспай, француз халқының ежелден бергі беттен сүйіп амандасу дәстүрін уақытша ұмыта тұруға шақырды. 

Осы тыйымға байланысты Канн қаласындағы жылжымалы мүлік көрмесі маусым айында өтетін болды. Одан бөлек, жексенбіге белгіленген Париж марафоны да кейінге қалды. Дегенмен Бірінші лиганың футбол матчтары кесте бойынша өте береді. 

«Мұның бәрі уақытша. Уақыт өте келе бәрі өзгереді. Бұл шектеу шаралары коронавирустың таралуына мүмкіндік бермейді деген үміттемін», деп түсіндірді министр. 

Оның айтуынша, халық керек оны-мұнысын сатып алына, сауда жасауына болады, алайда мақсатсыз жолға шықпай, мүмкіндік болса жұмысты үйден істегені дұрыс. 

Оливье Веран Францияда коронавирус жұқтырудың 16 жаңа фактісі тіркелгенін айтты. Сонымен елдегі вирусқа шалдыққандар саны 73 болды. Екі адам аталмыш індеттен көз жұмған.