Францияда соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 58 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Бұл – эпидемия басталғалы елдегі ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл туралы Францияның Ұлттық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жером Саломон мәлім етті, деп хабарлайды Еuronews агенттігі.
Елдің Ұлттық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, көктемде аурудың шарықтау кезеңінде вирус жұқтырғандар саны 8 мыңнан аспап еді.
Еуропа елдерінің ішінде Францияда коронавирусқа шалдығушылар саны өте көп. Мұнда 1,6 млн адам вирус жұқтырған. Жүргізілген тестің 20% оң нәтиже көрсетеді.
Осы аптаның алғашқы үш күнінің өзінде елде коронавирустан 1600-ден астам адам көз жұмған. 130 мың адам ауруға шалдыққан. Ауруханалардағы жүктемелер де артқан. Бір апта бұрын Францияда қайта енгізілген карантин шаралары еш нәтиже берер емес.
Елдің денсаулық сақтау министрі Оливье Веран ең ауыр жағдай Овернь-Рона-Альпы өңірінде екенін атап өтті. Бұл аймақтағы пациенттер басқа аймақтарға жеткізілуде, өйткені аталған өңір ауруханаларында бос орын жоқ.