17 нау, 2020 сағат 05:59

Франция коронавируспен күресу үшін қозғалысты шектейді

Франция SARS-CoV-2 коронавирусының таралуымен күрес мақсатында жүріс-тұрысқа шектеу қояды, деп хабарлайды dw.com.

«17 наурыздан бастап азаматтар үйінде болуы керек, сыртқа тек азық-түлік алуға, дәрігерге қаралуға және жұмысқа бару үшін ғана шығу керек», - деп мәлімдеді Франция президенті Эмманюэль Макрон дүйсенбі күнгі телеүндеуінде. 

Ол аталған шаралардың кем дегенде 15 күнге жалғасатынын атап өтті. Бұдан бөлек билік қазіргі барлық реформаны тоқтатты, ал мунициальды сайлаудың екінші кезеңі кейінге ауыстырылды. Еуроодақ ішкі шекараларды 17 наурыздан бастап жабатынын хабарлады Эмманюэль Макрон.

Бірнеше сағат бұрын Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен (Ursula von der Leyen) жаңа коронавирустың таралуына байланысты ЕО аумағына кіруге уақытша тыйым салу туралы ұсыныс жасаған болатын. 

Еске сала кетейік, COVID-19 коронавирусы 2019 жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясында пайда болған. Содан бері бұл індет 160-тан астам елге тарады. Әлем бойынша вирус жұқтырған 180 мыңнан астам жағдай анықталған, 7 мыңға жуық адам көз жұмған, 78 мың науқас жазылып шыққан.

Вирустан көз жұмғандар саны бойынша көш бастап тұрған елдер: Қытай, Италия және Иран. ДДСҰ Еуропаны жаңа аурудың пандемия ошағы деп жариялады. 

Францияда 6 633 адам короавирус жұқтырғаны анықталды, оның 148-і қайтыс болды.

Еске сала кетсек, Францияда 13 наурызда мектептер, университеттер мен балабақшалар жабылған болатын.