22 жел, 2025 сағат 16:42

«Forte Trio» музыканттары Канадада гастрольдік сапармен өнер көрсетті

Фото: Қазақконцерт
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы Оттава қаласындағы (Канада) аңызға айналған «Carleton Dominion Centre Concert Hall» сахнасында өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада А. Жайымовтың «Көроғлы» шығармасы, С. Рахманиновтың «Элегиялық трио №1» (соль минор), А. Аренскийдің «Трио» (ре минор), А. Пьяццолланың «Көктем» тангосы, халық әні «Япурай» (Ә. Толықпаевтың өңдеуі), сондай-ақ И. Башкатовтың өңдеуіндегі «Ән шашу» атты қазақ халық әуендерінен құралған попурри ұсынылды.

Бағдарлама академиялық дәстүр мен ұлттық әуезді үйлестіре отырып, қазақ музыкасын заманауи қырынан жаңа әрі нәзік интонацияларымен тыңдауға мүмкіндік берді.


Іс-шара Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

«FORTE TRIO» мемлекеттік трио ансамблін белгілі пианист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев құрған болатын. Сондай-ақ, трио құрамында талантты виолончелист Мұрат Нарбеков және скрипкашы Мақсат Жүсіпов бар. Жоғары кәсіби деңгейі мен бай репертуарының арқасында өнер иелері еліміздің ең танымал камералық ұжымдарының біріне айналып, әлемдік аренада қазақ мәдениетін лайықты түрде насихаттап келеді.