15 ақп, 2024 сағат 13:27

Фонограммамен ән айту, авторлық құқық мәселесі заң арқылы реттеледі — Аида Балаева


Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәдениет туралы заң мен басқа да құжаттарға қандай өзгерістер енетінін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "ҚазАқпарат" Халықаралық агенттігіне сілтеме жасап.

«Мәдени саясаттың тиімділігі ең алдымен заңнамалық базаның кемелдігіне байланысты. Өкінішке қарай, мәдениетіміздегі көп игі істердің аяқсыз қалуы құқықтық нормалардың шикілігіне келіп тіреледі. Сондықтан Мәдениет туралы заңға кезең-кезеңімен өзгерістермен толықтырулар енгізу — уақыт талабы. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Кәсіпкерлікті жүргізу туралы заң жобасына мемлекеттік музейлер тарапынан мәдени құндылықтарды көпшілікке ұсынуды субсидиялау туралы норма қосылып, Сенат қарауына енгізілді», — деді Аида Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында. 


Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай Халықтық Республикасы Үкіметтері арасында өзара мәдениет орталықтарын құру туралы келісімді іске асыру, сондай-ақ Қазақстан тарапынан 2011 жылы Сирияның Дамаск қаласында салынған әл-Фараби тарихи орталығын іске қосу мақсатында Мәдениет туралы заңға және Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. 

«Мәдениет қызметкерлерінің әлемуеттік статусынан бастап, сахнада фонограмманы пайдалану, авторлық құқықтар туралы мәселелер де қаралады. Әлбетте мәдениетте, жалпы руханиятта шекара болмайды. Бірақ заманның ағымына, қоғамның талабына сай, кейбір сұрақтың нақты құқықтық шешімі болу керек. Мысалы мәдениет ешқашан саясаттың құралы, саяси лозузгтар мен ұрандардың жетегінде болмауы тиіс. Бұл мәселені бір реттік шешіммен емес, барлығына түсінікті заң шеңберінде реттеуіміз керек. Мәселен, бүгінде белгілі орындаушылармен ауқымды концерт өтеді деп әлеуметтік желі арқылы жарияланып, тіпті билеттері сатылған концерттер де өтпей қалып жүр. Осы және басқа да жағымсыз әрекеттерді тыю мақсатында, оларға тыйым салу және жазалау шараларын қолдану жөнінде заңнамаға түзету енгізу үшін жұмыс жүргізілуде», — деді Мәдениет министрі.