24 сәу, 2020 сағат 15:55

Фермерлер блокпосттан кедергісіз өтіп жатыр

Фермерлер блокпосттан кедергісіз өтуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстандағы көктемгі егіс науқанының барысы және қаржыландыру жұмысының атқарылуына арналған онлайн баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«22 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп кеңес өткізді. Оған Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қатысты. Нәтижесінде блокпостта қағаз түріндегі құжаттар да, электрондық рұқсаттар да ескерілуі тиіс деген шешім қабылданды. Бұған дейін республикамыздың бас санитар дәрігерінің тиісті қаулысы шыққанын айта кету керек. Бұл ретте ҚР ІІМ көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің маңызын барлық жергілікті полиция құрылымдарына жеткізді. Енді әкімдер жергілікті жерлерде әрекет ету і керек және шұғыл штабпен байланыста болуы қажет. Қиыншылық туса сол штаб арқылы өте алмай жатқан фермерлердің мәселесін шешуге болады», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров. 

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрі еліміздің Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Ақмола және Қарағанды облыстары блокпосттарының жұмысын тексерді.

«Фермерлер блокпосттан кедергісіз өтуде. Блокпостта түсінбеушілік орын алуы мүмкін. Ол бойынша біз жедел түрде жұмыс істейміз. Көмектесіп, мәселені шешеміз. Негізі қағаз жүзіндегі және электронды рұқсатпен де жүруге болады», - дейді ол.