Дәл қазіргі сәтте ҚР Ұлттық музейіне әлемге әйгілі үздік жауһарлар жеткізіліп, көпшіліктің өзге елдер тарихымен, мәдениетімен танысып, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталған жәдігерлерді қолмен ұстап, жақсылап көруіне мүмкіндік жасалуда. Жәдігер – өткен күннің белгісі, мүмкін бүгіл бір дәуірдің куәсі, тіпті тарихқа дәлел болатын нақты айғақ. Жаратылысы жұмбақ, өмір сүргендігі ақиқат, талай болжам, пікір, аңыз-әпсаналар арқалаған Мысыр перғауындары да «ЭКСПО»-ның көшінен қалмай, Ұлттық музейге табан тіреді.
Мысырлықтардың көп құдайға табынуы халықтың діни наным-сенімінің қалыптасуына ықпал еткен. Египет фараондары (перғауындар) – халықты билеуші күш. Сол кезеңнің түсінігіне сай перғауын құдайдың ұлы деп саналған. Өздерін «құдай» деп атап, тәңірі ретінде таныта бастаған перғауындар ұшан-теңіз байлық иесі, биік мәнсапқа ие құдыретті күш ретінде ұғындырған. Сол дәуірде «перғауын» есімі қасиетті саналып, оны атауға ешкімнің жүрегі дауаламаған екен. Фараондар тек Мысыр еліне ғана емес, көрші патшалықтар мен тайпаларға да билігін жүргізіп, озбырлық көрсеткен. Египеттің әрбір қаласының бірнеше құдайы болған. Ең құдыретті күн құдайы – «Ра», одан кейінгі жоғарғы дәрежелі өлім құдайы – «Осирис». Сол секілді шындық пен тәртіп құдайы, ай құдайы, құнарлы жер құдайы, аналық құдайы т.б. қызметтерге иелік ететін құдайлар жетіп артылады. Ондағы құдайлардың көптігі сонша, тіпті өзара қызметтерін алмастырып алмау үшін «құдыретті күш иелерін» арнайы абыздар басқарып отырған.
«Ежелгі Мысыр ескерткіштері» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова алғы сөз алып, қонақтарды игі бастамамен құттықтап, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау сәлемін жеткізді. «Мысыр тарихы – көне тарих. Көне тарихпен көмкерілген көрменің ашылу салтанаты құтты болсын! Бұл көрме Мысыр тарихын кезең-кезеңімен таныстыратын экпонаттардан құралған. Мұндағы тарихи туындылар өткен дәуірден мол мағлұмат береді. Көрмедегі экспонаттар ежелгі дәуір адамдарының таным-түсінігін, мәдениетін, сол дәуірдегі қолөнер шеберлері туралы мол мәлімет береді. ҚР Ұлттық музейінде осы айда бірнеше халықаралық көрмелер өткізілді, мұндай көрмелер халықтың таным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Ежелгі Мысыр тарихы мен мәдениеті біздің халқымыз үшін жат емес. Біз ғасырлар бойы рухани тұрғыдан жақын туысқан елдерміз. Көрмеге қойылған экспонаттар сіздерге күш-қуат сыйлайды деп сенемін».
Бізге арнайы жеткізілген құдайлар – Исис (әйелдер құдайы), Сесострис, Осирис, Птах, Мемфис, Шу, Тутанхамон. Түрлі бейнеде мүсінделген перғауындардың жүзі суық. Мүсіндерге қарап, фараондар үшін өмірге қарағанда өлгеннен кейінгі «мәңгілік ғұмыр» аса маңызды болып, тіршіліктерін алдамшы сеніммен өткізгендігін байқау қиын емес. Қалай дейсіз ғой? Барлық мүсіндерге ортақ сипат – паңдық, тәкаппарлық, басшылық. Перғауындар бейнесінде «өзгеге ұқсамау» мен «ерекше сиқыр иесі» ұғымдары жақсы суреттеліпті. Қызметтері бөлек құдайлардың жасанды шаш қою үлгілері, мойынға тағу үшін арнайы жасалған жағалары (моншаққа ұқсайды), дене бітімдері, түр-сипаттарында ортақ үйлесімділік бар. Көзі тірі кездерінде өздеріне арнап керемет мазар салдырту үшін қыруар қаржы мен едәуір жұмыс күшін жұмсаған. Пирамида құрылысы – ел эканомикасының құлдырауына басты себеп болса да, жұмыс тоқтатылмаған. Себебі ол – о дүниедегі баспаналары. Көрмеге қойылған табыттарының бетіне де өз бейнелері суреттелген.
Мысыр Араб Республикасының Туризм министрлігі Халықаралық қатынастар бойынша бірінші вице-министрі Ахмет Шукри: «Бұл көрме – Қазақстан мен Мысыр елінің бірлесе отырып жасаған үлкен шарасы. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нәтижесінде қос халықтың өзара сыйластығы арта түседі деп сенемін. Болашақта халықтар достығы үлкен табысқа жеткізетіні сөзсіз. Бүгінгі көрме де осының нәтижесі», – деп өз пікірін білдірді.
Көзбен көру арқылы білгенімізді бекітіп, Ұлттық музейде ұйымдастырылған көрмедегі жәдігерлер арқылы Мысыр елін тани түсетініміз сөзсіз. Ол елдің мәдениетінің ең басты ерекшелігі – өлімді қабылдамау. Яғни, мәңгілік өмірге деген сенім халықтың санасына сіңіп қалғандығы соншалық, нәтижесінде тұтастай бір халықтың мәдениеті мен өнері қалыптасқан. Қалай дейсіз ғой? Деректер бойынша мезгіл сайын жаңарып отыратын табиғатқа және үнемі тасып, сосын қайта тартылатын Ніл өзеніне қарап, мысырлықтарда «өлгеннен кейін қайта қалпына келу, қайта тірілу бар» деген түсінік қалыптасқан. Ніл тартылса, айналасына құрғақшылық келеді. Ал тасыса, жан-жағын құнарландырып, тіршілік береді. Өзеннің жыл сайын тартылып, қайта тасуы – өмірдің жалғасы, ал табиғаттың белгілі бір кезеңде қайта түрленуі өлгеннен кейінгі тіршілік барының дәлелі ретінде қабылданған. Ал бұл түсініктің бүкіл бір елдің мәдениетіне қандай қатысы бар дерсіз. Мәңгілік өмірдің күйін күйттеп, онда қажет болатын керек-жарақтарды қамтамасыз ету үшін адамдар, ең алдымен, өлген адамның денесін өз қалпында сақтауды үйренді. Оны бальзамдап, мумияға айналдырды. Сосын өлген адамнан айнытпай оның мүсінін жасауға кірісті. Тіпті мүсіншіні олар «санх» деп, яғни «өмірді жасаушы» деп атаған. Мүсін жасау кәсібі тіршілікті қайта жалғау деп түсіндіріліп, мүсіншілер өз істерін мақтан тұтыпты. «Неғұрлым дене жақсы сақталып немесе мүсін сапалы жасалса, оған жаны қайтып оралады» деген түсінік болған. Осының нәтижесінде әруаққа табыну кең етек алған.
Көменің төрінен орын алған Тутанхамонның түрі сұсты. Ол - Жаңа патшалық дәуіріндегі Мысыр перғауыны. Шамамен б.з.б. 1400-1392 жылы билік еткен. 12 жасында таққа отырып, 20 жасында қайтыс болған. Қалай өлгенін ешкім білмейді, жұмбақ күйінде қалса керек. Көрмеге қазба жұмыстары нәтижесінде табылған Тутанхамонның өрнекті сандығы, жартылай асыл тастармен әшекейленген фараонның алтын жалатылған ағаш күймесі, жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жалатылған ағаш тағы, сыртқы саркофагы, жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жаға қойылған.
Сол кезеңде халықтың сеніміне тотемизм ықпал етіп, құдайлар сұңқар, өгіз, сиыр, қой, аң кейіптерінде жасалынған. Кейінірек бұл үрдіс тағы өзгеріп, құдайлардың мүсіндері жартылай адам, жартылай аң бейнесінде көрініс тапты. Египет мәдениетінің басым бөлігін қамтамасыз ететін фараондардың түрлі мүсіндері осы ұғымнан бастау алса керек. «Өлгеннен кейін өмір жалғасады» немесе «қайта тірілу» түсінігінің нәтижесінде зәулім пирамидалар салынған. Перғауындардың мазары о дүниеге барғанда мекендейтін баспанасы деп түсіндіріліп, әр фараон өз мазарының барынша асқақ және берік болып салынуына баса назар аударса керек. Пирамидалар тек Египет мәдениетінің озық үлгісі ғана емес, бүкіл әлемді таңдандырған жұмбаққа толы ғажап құрылыс. «Әлемнің жеті кереметіне» кіретін мазарлар әлі күнге дейін еш өзгеріссіз тұр.
Көшпенді халықтың құдайы Тәңір екені анық. Өткен дәуірдің келбетін көрсететін кинофильмдерден көкке қарап қол жайып, Құдайдан көмек сұрайтын кейіпкерлерді көріп жүрміз. Ал қазақы салт-дәстүр, ырым-жоралғыларымыз діни ұғымдармен астасып жатыр. Отпен аластау, дем салу ұғымдары – өзімізге ғана түсінікті дүниелер. Түптеп келгенде адамның денінің сау болуына себеп болар ырым түрлері болмақ. Жаңа туған айға амандасып, жұлдыздарға қарап бағыт айқындау да көшпенді халықтың өзіндік ерекшелігі. Әр түрлі қызметке иелік етіп, құдай деп танылған перғауындарды Египет елінің ерекшелігі, мәдениеті, көне тарихы деп қабылдаймыз. Ал тоқсан тоғыз сипатқа ие, еш серігі жоқ жалғыз Хақ Тағаламызды құдыретті деп тану мұсылмандығымыздың сипаты болып қала бермек.
Егер Мысыр "құдайларымен" жақсылап танысып, сыр-сипатын ұғына түсемін десеңіз, Ұлттық музейдің есігі ашық. «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» көрмесі 3 тамызға дейін жалғасады.
Ләйлә Ноғайбек
ҚР Ұлттық музейі қызметкері