Ежелгі Египеттің су астына кеткен Гераклион қаласын зерттеп жүрген драйверлер біршама құнды дүние тапты, деп хабарлайды Live Science басылымына сілтеме жасап.
Мысырдың Ежелгі ескерткіштер министрлігінің мәлімдеуінше, табылған артефактілердің арасында храмның қалдықтары, алтын әшекейлер, монеталар, салтанатты қайықтың бөліктері бар.
Гераклдың есімімен аталған қала кезінде халық құжынаған мегаполистердің бірі болған. Ол біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда Ніл өзенінің Жерорта теңізіне құяр сағасына салынған. Клеопатра перғауынның өзі осы қаладағы храмдардың бірінде таққа отырған. Кейін, шамамен осыдан 1500 жыл бұрын оны су басты. Қазір ол 45 метр тереңдікте қалып қойған.
Ғалымдар 2000 жылы қаланы тапқаннан кейін, тарихтың бұрын белгісіз қырлары ашыла бастады. Соңғы зерттеулер кезінде археологтар зәулім храмның қалдықтарын тапқан.
Бұдан бөлек, 75 қайық табылған. Соның ішінде салтанатты шаралар кезінде қолданылған №61 қайықтың жетіспей тұрған бөлігі де бар.
Археологтар қайықты құрастырған соң, оның ұзындығы 13 метр, ені 5 метр екендігі белгілі болды. Қола және алтын монеталар, әшекей бұйымдары да табылған. Айтпақшы, Гераклионнан табылған қола монеталар ІІ Птолемей билік құрған тұста, біздің заманымызға дейінгі 283-246 жылдары соғылған.