31 қаз, 2020 сағат 04:46

Еуропа шектеулерді күшейтті, АҚШ-та вирус жұқтырғандар 9 миллионнан асты

Еуропада мен АҚШ-та коронавирус жұқтырушылар саны рекордтан рекорд жаңартып жатыр. Денсаулық жүйесіне шамадан тыс салмақ түсіп жатқан елдер вирусты тоқтату үшін көптеген шектеулер енгізіп жатыр.

30 қазаннан бастап Францияда республикалық деңгейде локдаун тәртібі орнады. 65 миллионға жуық халық үйінде отыруға мәжбүр. Сыртқа аса маңызды қажеттілік болғанда ғана шығуға рұқсат. Вирус жұқтырғандар саны бүкіл континент бойынша артып келеді: Еуропада күн сайын 240 мыңнан астам науқас тіркеліп отыр, ал 14 елде ауруханаға жатқызылғандар саны рекорд жаңартып жатыр.

Бельгия – локдаун жариялаған соңғы еуропалық мемлекет. Тәртіп 2 қарашадан бастап күшіне енеді. Сол күні Германия жартылай локдаун тәртібіне өтеді. Бұл туралы осы аптада хабарланған.

Times басылымы Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның келесі аптада жаңа шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастырып отырғанын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин карантин енгізбейтінін мәлімдеді. Елде вирус жұқтырғандар саны рекорд жаңартып отыр. Ресей ауруханасына түсіп жатқан науқастары саны артып жатыр.

АҚШ-та медициналық мекемелерге шамадан тыс ауыр салмақ түсіп жатыр. Вирус күн сайын мыңдаған адамның өліміне әкеліп отыр. Ал 3 қарашада елде президент сайлауы өтпек. 30 қазан күні 100 мың Covid науқасы тіркеліп, вирус жұқтырғандар саны 9 миллионнан асты. Бұл – ел халқының 3 пайызы.